Вакцина халық үшін тегін болады – Шоранов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ресейлік «Спутник V» вакцинасының ақпанда 90 мың, наурызда 150 мың дозасы нарыққа шығатынын айтты. 

Вице-министрдің айтуынша, сәуірден бастап елімізде вакцина 600 мың дозадан өндіріледі. 

Вакцинаның нарыққа шығатын кестесі бекітілді. Ақпанда 90 мың доза өндіріледі. Наурызда 150 мың, келесі айларда 600 мың дозадан нарыққа шығарылады. Сәуір-мамырда Қазақстандағы осал топқа кірмейтін адамдар үшін вакцинация қолжетімді болады. Осы тұста қазақстандық вакцинаның сынағы мен өндірісін күтіп отырмыз. Сол кезде халыққа вакцина салдыру көлемі артады. Жыл соңына дейін 6 миллионға жуық адамға екпе салынады деп жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Брифинг барысында Марат Шоранов вакцинация қазақстандықтарға тегін болатынын жеткізді. 

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында вакцинация тегін болады. Бұл кезеңде бүкіл елде вакцинация мемлекет қаражатына жасалады деп жоспарланып отыр. Тиісті қаражат мемлекет резервінен алынады, бұл шығын есептелді. Тиісінше, вакцина халық үшін тегін болады, - деді ол.
Бұған дейін министрлік өкілдері вакцинаны дұрыс қабылдаудың әдіс-тәсілдерін тізіп берді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы