Коронавирусқа қарсы вакцинаны дұрыс қабылдау жолдары қандай?

27 Қаңтар 2021, 18:08
1641
Бөлісу:
Коронавирусқа қарсы вакцинаны дұрыс қабылдау жолдары қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтылды. Министрлік өкілдері вакцинаны дұрыс қабылдаудың әдіс-тәсілдерін тізіп берді.

Вакцинаны қабылдау екі кезеңнен тұрады: алдымен І компоненттен 0,5 мл мөлшерде, 21 күннен кейін ІІ компоненттен 0,5 мл мөлшерін қабылдау керек, - деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Оның айтуынша, егер 21 күннен кейін ІІ компонентпен вакцина алуға мүмкіндік болмаса (демалыс, мереке күндері, басқа елді мекенге бару және т.б. себеп), келесі 7 күн ішінде вакцина алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар І және ІІ компонеттің аралық уақытын негізсіз ұзартуға жол бермеген дұрыс. Бұл иммундық жүйенің дұрыс қалыптасуына әсер етіп, вакцинация тиімділігін төмендетіп жіберуі мүмкін. 

Вакцина тек бұлшық етке салуға арналған. Препаратты тамырға енгізуге қатаң тыйым салынады. Вакцина дельтоидты бұлшық етке, яғни иықтың жоғары үштен бір бөлігіне егіледі. Егер дельтоидты бұлшық етке егу мүмкін болмаса, вакцина жамбастың бүйір бұлшық етіне егілуі керек, - деді ол.

Вакцина жасамас бұрын вакцина құтысын бөлме температурасында толық ерігенше күту керек (3 мл құтының еру уақыты қоршаған орта температурасына қарай 3-5 минут уақытты алуы мүмкін).

Құтыда мұз қалдықтарының қалуына жол берілмеуі тиіс. Бір реттік шприцті пайдалана отырып, вакцина алушы адамға ерітіндінің 0,5 мл мөлшері егіледі. 3 мл мөлшердегі ерітілген құтыны бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтауға болмайды. Вакцина ерітіндісін қайта мұздатуға тыйым салынады. Сонымен қатар бұзылған немесе таңба салынған құтысы бар, физикалық қасиеттері өзгерген және дұрыс сақталмаған, жарамдылық мерзімі өткен препараттар пайдалануға жарамсыз, - деді Шоранов.
Раушан Арманқызы 
Өзгелердің жаңалығы