Ұйғыр театры 90 жылдығын атап өтпек
Биыл Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрына 90 жыл. Ұйғыр халқының баға жетпес өнерлі мұрасын сахна төрінен түсірмеген ұжым мүшелерінің еңбегі ерен. Осы ретте тарихы тереңде жатқан Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Дилмурат Бахаров пен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.
– Театр тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз
-Ресми мәліметтер бойынша Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры 1934 жылы қыркүйек айының 24 күні көрермендер үшін өз есігін ашқан болса да, оның өнер саласындағы қызметі едәуір бұрынырақ басталған. Яғни, 1918 жылы Жетісу өңіріндегі көрнекті саяси қайраткерлердің бірі болған Исмаил Таировтың бастамашылығы арқылы Алматы қаласында «Азсанды ұлттар клубы» ұйымдастырылып, оның құрамында ұйғыр, татар, өзбек драма үйірмелері жұмыс істей бастады. Аталмыш клуб орналасқан Фурманов пен М.Горький (қазіргі Н.Назарбаев пен Жібек жолы) көшелерінің қиылысындағы бұрынғы Мұсылмандар мешітінің ғимараты біртіндеп «Ұйғыр клубы» деп аталып кетті. Міне, сол Ұйғыр клубында 1919 жылы тұңғыш рет А.Розыбақиевтың ұйғыр ұлттық драматургиясының ең алғашқы туындысы болып саналған «Мәнсәппәрәс» («Мансапқұмар») комедиясы мен И.Таиров өзбек тілінен аударған «Мәзлум хотун» («Қаналған қатын»), «Пәдәрқуш» («Әкесін өлтіруші») пьесалары қойылды.
«Азсанды ұлттар клубы» жанында қызмет көрсетіп жүрген Ұйғыр драма труппасы кәсіби тұрғыдан біршама жетіліп қалған уақытта оған үкімет тарапынан азды-көпті қаржы бөлінді. Кәсіби Ұйғыр театры міне сол Ұйғыр драма труппасының негізінде 1934 жылы ашылды. Оның сахнасында тұңғыш көрсетілген туынды – А.Ибрагимовтың режиссерлығымен қойылған Ж.Асимов пен А.Садировтың «Анархан» спектаклі болды.
- Ұйғыр театры Алматы қаласында ашылғанымен оның мекен-жайы және мәртесебі бірнеше рет өзгергенін білеміз. Осы жайлы ашып айтсаңыз?
-Театр ашылғанына 7 жыл өткенде, яғни Ұлы Отан соғысы басталғанда, Ұйғыр театры Алматы қаласынан 112 шақырым алшақтыққа орналасқан Шелек ауылына көшіріліп, 20 жыл барысында облыстық театр ретінде өте қиын жағдайда жұмыс істеді.
Ал 1961 жылы Ұйғыр театры қайтадан Алматы қаласына көшіріліп, алғаш Пушкин көшесі бойындағы ғимараттардың біріне, кейін Дзержинский (қазіргі Наурызбай батыр) көшесінің бойындағы бұрын НКВД-ның клубы болған ғимаратқа орналастырылды. Алматыға келгеннен бастап республикалық мәртебеге ие болған театр қазір де сол орында қызмет көрсетіп келеді. Ал 1967 жылы болса, «Ұйғыр музыкалық драма театрының» аты «Ұйғыр музыкалық комедия театры» болып өзгертілді. Ал 2016 жылы, яғни Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұйғыр театры «академиялық» мәртебеге ие болды.
– Театрдың 90 жылдығына орай қандай іс-шаралар атқарылмақ?
– 90 жыл аз жыл емес, сол үшін біз аталмыш шараға үлкен дайындық жасап отырмыз. Әлбетте, бұл мереке Мәдениет және ақпарат министрілігінің қолдауымен өтеді. Ұйғыр театрында соңғы екі жылдың ішінде, көрермендер саны арттып келеді. Спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде ілеспе аудармамен жүреді. Сондай-ақ басқа ұлт өкілдері ұйғыр театрының тұрақты көрермендері болып келеді. Ал Театрымыздың мерейтойына орай 27 наурыз – Халықаралық театр күні мұражай ашуды қолға алып жатырмыз.
Сондай-ақ, сәуір айында Түрік елінің көрермендерінің назарына спектакльдерімізді ұсынамыз. Өнерлі балаларды топтастыратын орта құратын мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Мұражайда 1934 жылдан бастап қалай театр қалай құрылды, ғимараттың сыртқы бейнесі, репертуардағы қойылымдар, сол кездегі актерлардың суреттері мен киімдері, музыкалық құралдарын көрмеге қоямыз. Бұдан бөлек, халық әртістерінің өмірі мен шығармашылығына сыр шертуге болады. Театрдағы қойылымдарды электронды құрылғыны басу арқылы көріп не болмаса оқуға болады.
Сондай-ақ Құдыс Қожамияровқа арналған бұрыш болады. Бұл жерде ол кісінің пайдаланған заттары мен жазбалары қойылады. Ол кісі өнер ордасының құылуына, өркендеуіне, сондай-ақ Алматы қаласында болуына атсалысты. Көктем айында мұражай ашылып, көрермендерге ұсынылмақ.
– Өз сөзіңізде Өнер мектебін құруды жоспарлап отырғаныңызды атап өттіңіз. Осы жайлы толығырақ айта кетсеңіз.
– Театрда кадр жетіспеушілігі сезіледі, дегенмен бұл мәселені біз Өнер мектебін ашу арқылы қолға алмақпыз. Жас таланттарды бір ортаға жинап, ән, би, режиссерлік білім береміз. Осылайша, жастардың театрмен танысуға, өнерге деген құштарлығын арттыруға ықпал етпекпіз. Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерге арналатын қойылымдар да сұранысқа ие бола бастады. Жастарымыздың өнерге деген қызығушылығы пандемиядан кейін артып келе жатқанын байқаймыз. Бұл, меніңше, қуантарлық жаңалық. Театрға келетін адамдардың қатары артып, спектальдерде аншлаг жиі болып тұрады. Бұл деген жастардың, көремендердің өнерге деген құштарлығының артқанын білдіреді.
- Мемлекеттік театрдың репертуарына жайлы да пікір білдіріп өтсеңіз. Театр сахнасында халықаралық драматургтердің шығармалары қойылды ма?
-Ұйғыр театры жұмыс бастаған алғашқы күндерден бастап-ақ репертуарының бай әрі алуан түрлі болуына айрықша көңіл аударып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылдар барысында оның сахнасында тек ұйғыр драматургтерінің ғана шығармалары қойылып қалмай, сонымен қатар У.Шекспир, Ж.-Б.Мольер, Лопе де Вега, К.Гольдони, Н.В.Гоголь, Н.Ф.Погодин, Ш.Айтматов, У.Голдинг, Х.Х.Ниязи, В.Дельмар, У.Гаджибеков сияқты есімі әлемге әйгілі классиктер мен қазақ, өзбек, татар, қырғыз, әзірбайжан секілді бауырлас халықтардың туындылары да ұйғыр көрермендерінің назарына ұсынылды. Бұл дәстүр қазір де жалғасуда.
Бұдан бөлек Ұйғыр театры жанында «Нава» фольклор, «Рухсара» би, «Яшлиқ» және «Сада» эстрада ансамбльдері құрылған болып, олар көпшілікті халық және белгілі композиторлардың шығармашылығына тиесілі ән-әуендермен, билермен қуанышқа бөлеп келеді.
Көпұлтты еліміздің өнерін тек қазақстандықтарға ғана емес, сонымен қатар әлем жұртшылығына таныстыру арқылы Қазақстан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып жатқан ұжымдың бұл бағытта қол жеткізген табыстары да аз емес. Олар мемлекетіміз бен шетелдерде болып жатқан түрлі конкурс-фестивальдерге тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
–Мерейтой қарсаңында гастрольдік сапар ұйымдастырыла ма?
– Сәуір айында гастрольдік сапармен Түркияға барамыз, оған «Түріксой» ұйымы қолдау білдірмек. Түрік еліне «Махмұд Қашқари» спектаклін, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Қазір осыған білек сыбанып дайындалып жатырмыз. Көрермендерге ұнайды деген ойдамыз. Біздің мақсатымыз –түрік еліне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, еліміздің мәдениеті мен өнерін таныту. Алдағы уақытта еліміздің әр қаласына гастрольдік сапар ұйымдастырылады. Бұл туралы мағлұматты театрдың сайтынан бақылап отыруға болады. Сондай-ақ Үйғыр театрында 2024 жылдың басында ұжымдағы қызметкерлердің шығармашылығын лайықты бағалау мақсатында «ЧОЛПАН» («Шолпан») сыйлығын бекітті. Ол сіздердің тікелей дауыс берулеріңіз арқылы «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік биші», «Үздік әнші», «Үздік музыкант» номинациялары бойынша беріледі.
Әр жылы театр маусымы ашылғаннан бастап, сахнада көрсетілген қойылымдарды тамашалаған көрермен жоғарыда көрсетілген номинациялар бойынша таңдау жасап, «ең үздік» деп таңдаған өнер иесінің аты-жөні жазылған қағазды арнайы қорапқа салу арқылы дауыс береді. Театр маусымы аяқталған соң дауыс беру қорытындысы шығарылып, ең үздіктер салтанатты түрде сыйлықтармен марапатталады.
– Театрдың 90 жылдығына арналған фестиваль өткізіле ме?
– Театрдың мерейтойын Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен маусым айында Алматы қаласында атап өтпекпіз. Театр тарихынан сыр шертетін кітап жарыққа шығады. Музыкалық шығармалармен әспеттелген спектальдердің фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль бұрынғыдан өзгерек болмақ. Біздің театр музыкалық комедия театры болғандықтан, осы бағытты қолға алдық. Біздің елімізде мюзикл фестивалі әлі күнге ұйымдастырылмаған екен. Көрермендерге де бұл кеш ұнайтына сенімдімін. Қазіргі уақытта жастардың арасында мюзиклге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта бұл фестиваль жалғасын таппақ.