2 Қыркүйек 2026, 13:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Аида Батухан

Үй қандай жағдайда авариялық деп танылады?

Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының техникалық бөлім басшысы Ербол Ахметов фельдшер Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өтіп жатқан сот отырысында көппәтерлі тұрғын үйді авариялық деп тану тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотта маманнан тұрғын үй инспекциясының көппәтерлі үйлерге қатысты функциялары мен техникалық жағдайды бақылау тәртібі сұралды.

Ербол Ахметовтің айтуынша, тұрғын үй инспекциясы тұрғын үй қорын күтіп-ұстау, пайдалану және жөндеу нормаларының сақталуын бақылайды. Сондай-ақ жиналыстардың заңдылығын, үйлердің қысқы кезеңге дайындығын және ортақ мүліктің техникалық жағдайын тексереді.

Алайда инспекция қызметкерлері қаладағы әрбір көппәтерлі үйдің қасбетін күнделікті тұрақты түрде визуалды бақылауға міндетті емес. Бақылау жоспарлы немесе тұрғындардың өтініштері бойынша жоспардан тыс жүргізіледі.

Үй қашан авариялық деп танылады?

Сотта Ербол Ахметов үйдің авариялық санатына жатқызылуы техникалық тексеру нәтижесіне байланысты екенін айтты.

Оның түсіндіруінше, техникалық тексеру кезінде ғимараттың жағдайы мен тозу деңгейі анықталады. Тозу көрсеткіші 61 пайыздан асқан жағдайда үй авариялық деп танылады.

Ал 2017 жылы Тәуелсіздік даңғылы, 24B мекенжайындағы үйге техникалық тексеру жүргізіліп, ғимараттың тозу көрсеткіші 31 пайыз болған. Маман бұл көрсеткіш үйдің қанағаттанарлық санатқа сәйкес келгенін айтты. Техникалық тексеру қорытындысында бірқатар ұсыныс берілген.

Бұл ұсынымдардың орындалуын бақылау мәселесіне қатысты Ербол Ахметов олардың ең алдымен ОСИ төрағасы мен мүлік иелеріне қатысты екенін түсіндірді. Тұрғындар техникалық тексеру нәтижесімен танысып, үйге қатысты қажетті шешімдерді жалпы жиналыста қабылдауы тиіс.

Күрделі жөндеу қалай жүргізіледі?

Маманның айтуынша, техникалық тексеру жүргізу қажеттілігі аудан әкімдіктерінің визуалды бақылауы нәтижесінде анықталған үйлер бойынша туындауы мүмкін. Мұндай үйлер туралы ақпарат тұрғын үй инспекциясына беріледі.

Одан кейін басқарма конкурстық негізде аккредиттелген ұйымды анықтап, техникалық тексеру жүргізіледі. Тексеру қорытындысы басқармаға екі данада ұсынылады. Кейін құжат «Өркен қала» ведомстволық ұйымына беріледі.

«Өркен қала» тұрғындар жиналысын өткізіп, күрделі жөндеу, лифт ауыстыру, жертөле немесе шатырды жөндеу мәселелерін қарастырады. Мұндай жұмыстар тұрғындардың келісімімен жүргізіледі.

Сотта айтылғандай, Тәуелсіздік даңғылы, 24B үйінің тұрғындары 2022 жылы өткізілген жиналыста лифт ауыстыруды қолдаған, ал күрделі жөндеу бойынша шешім қабылдамаған. Лифт ауыстыру жергілікті атқарушы органдар бөлетін бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі, кейін шығынның негізгі бөлігі мүлік иелерінен пайызсыз қайтарылады. Қаражатты өтеу мерзімі шамамен 7-15 жылды құрайды.

Ал 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысында көрсетілген басқа кемшіліктер, оның ішінде қасбетке қатысты ұсынымдардың орындалуы жөнінде тұрғын үй инспекциясына тиісті өтініштер түспеген.

Ербол Ахметов басқармаға Тәуелсіздік даңғылы, 24B үйіне қатысты оқиғаға дейін авариялық жағдай немесе қасбетті жөндеу қажеттілігі туралы өтініштер түспегенін айтты.

Сондай-ақ ол 2017 жылы жүргізілген техникалық тексеру құжаттарының бір бөлігі басқармадағы құрылымдық өзгерістер кезінде жоғалып, толық тапсырылмаған болуы мүмкін екенін атап өтті.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өрт сөндіруші сотта жауап бергені хабарланды

Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін ТЖД қызметкері қызметінен төмендетілген. Аян Кемпіров сотта оқиға болған күні бөлімше командирі болғанын, алайда кейін басқа өрт сөндіру бөліміне ауыстырылып, өрт сөндіруші қызметіне төмендетілгенін айтты.