Үй кезегіне де тұра алмайды. Депутат журналистердің жағдайы туралы айтты

Депутат Жарқынбек Амантай Мәжілісте өтіп жатқан дөңгелек үстелде журналистердің әлеуметтік жағдайы туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Журналистің мәртебесін көтереміз» деген дүние жақсы естіледі. Бірақ журналистердің әлеуметтік жағдайын арттырмай, мәртебесі көтерілмейтін сияқты. Өңірлердегі басылымдарда жегені жантақ болып жүрген, күндіз-түні елдің мәселесін көтеріп, елдің ішінде жүрген журналистердің әлеуметтік қай топқа жататындығы белгісіз. Үйдің кезегіне де тұра алмайды. Көп кедергі бар. Өздері сол мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттің қолданып отырған саясатын халыққа күнделікті жеткізіп, талмай еңбек етеді. Бірақ өздерінде осындай мүмкіндіктер жоқ, - деді депутат.

Жарқынбек Амантай заң жобасы журналистердің әлеуметтік жағдайын арттыруға байланысты оларға қамқорлық танытатын жерді көріп отырмағанын айтты.

Бұл заңды қабылдағаннан кейін осы мәселеге қайта орала аламыз ба?, – деп сұрады депутат Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақовтан.

Министрлік өкілі депутаттың сұрағына жауап берді.

Қазіргі таңда ақпарат құралдары өкілдерінің 85 пайызы тәуелсіз. Қалған 15 пайызында мемлекеттің үлесі бар. Яғни журналистерді педагогтермен салыстырсақ, педагогтер азаматтық қызметкерлер, демек олар мемлекеттік органдарда жұмыс істейді. Ал журналистердің көбі бізде тәуелсіз. Шыны керек, бізде БАҚ өкілері кәсіпкердің бір түрі. Яғни біз оларға ақшаны тікелей берсек, онда ол заңнамаға қайшы келеді. Өңірлерде мемлекетке қарасты көп БАҚ өкілдерінің жалақысы өте аз. Оны білеміз. Біз гранттық қаржыландыруды өткізгенде тарифті көтереміз, - деп айтты Ысқақов.

Сөзінше, жергілікті атқарушы орган ақпараттық тапсырыс жасаған кезде, осы тарифтерді көтеруге толық мүмкіндіктері бар.

Біз орталық уәкілетті орган ретінде жалпы ұсыныс береміз. Яғни заңнамамен бекітеміз. Ал жергілікті органдар оны жүзеге асырады, - деді вице-министр.

Қанат Ысқақов өңірлердегі кейбір БАҚ-тың сапасы сын көтермейтінін айтып, алдымен оқырманды тарту үшін оны көтеру керегін айтты.

Баспасөз картасын енгізгенде біз жеңілдіктер беру мүмкіндігі туралы мәселені көтердік. Мысалы, Отбасы банкі арқылы ипотека алу немесе басқа да жеңілдіктер туралы ұсыныс енгіздік, - деп айтты Ақпарат министрлігінің өкілі.

Бұған дейін Мәжіліс «Масс-медиа туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын жұмысқа алғанын хабарлаған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы