«Үш жыл бұрын мұны елестете де алмадық»: Иван Сауэр аграрлық саланың жетістіктерін атады
Қазақстанның ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде аграршылардың мүмкіндіктері он жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кеңейген. Бұл туралы Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, форумның үшінші жыл қатарынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтуі мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді.
«Бұл аграрлық саланың ел экономикасындағы орнын көрсетеді»
Иван Сауэр форумның тұрақты түрде өткізілуі сала өкілдері үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.
Бұл форумның үшінші рет өткізіліп отырғанының өзі көп сұраққа жауап береді. Биік мінберлерден «Аграрлық сектор», «Агроөнеркәсіп кешені жасасын!» деген сөздерді жиі естиміз. Бірақ ол – сөз ғана. Ал мұндай форумның тұрақты түрде, жоғары деңгейде, Мемлекет басшысының қатысуымен өтуі барлық сұраққа нақты жауап береді, – деді ол.
Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар агроөнеркәсіп кешенінің ел экономикасында қандай орын алатынын айқын көрсетеді.
Бұл мемлекет тарапынан салаға деген көзқарасты да, аграрлық сектордың шынайы маңызын да көрсетеді. Ең бастысы, бізде нақты нәтижелер бар, – деп толықтырды Иван Сауэр.
«Үш жыл бұрын мұндай көрсеткішті елестете де алмадық»
Иван Сауэр ауыл шаруашылығы саласындағы басты жетістіктердің бірі ретінде өндіріс көлемінің артқанын атап өтті.
Агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден асты. Үш жыл бұрын мұндай көрсеткішке жетеміз деп ойлаған да жоқпыз. Оның үстіне, қазір нарықтағы жағдай оңай емес. Негізгі өнімдеріміздің бағасы қандай екенін өздеріңіз жақсы білесіздер, – деді аграрий.
Соған қарамастан, оның айтуынша, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр.
Аграрлық сектор тоқтаусыз дамып келеді. Оның үстіне, бұл даму заман талабына сай жүріп жатыр. Бүгінде осы салаға келіп, еңбек етуге дайын адам тек жұмыс істеп қана қоймай, өз еңбегінен ләззат алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазіргі жасалып жатқан жағдайларды армандай да алмайтын едік, – деді ол.
«Егістікке келіп, бірден байып кетемін деу дұрыс емес»
«Родина» агрофирмасының басшысы ауыл шаруашылығы табандылық пен қажырлы еңбекті талап ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл салаға келіп, бірден байып кетемін деп ойлау қате.
Әрине, кейбіреулер егістікке аяқ басқан бойда олигарх атанып, мыңдаған гектар алқап пен қыруар малға ие болғысы келеді. Бірақ ғажайып болмайды. Есесіне бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға, өндірісті жетілдіруге мүмкіндік өте көп, – деді Иван Сауэр.
Оның айтуынша, кейінгі он жылда аграрлық саланың даму қарқыны айтарлықтай артқан.
Бүгінде біз бір жылда осыдан он жыл бұрын бес жылда атқаратын жұмысты істеп жатырмыз. Бұл – бұрын армандай да алмаған қарқынды серпіліс. Өткенге көз жүгіртсек, саланың қаншалықты алға басқанын анық көруге болады, – деп түйіндеді Иван Сауэр.
Еске салайық, 20 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы басталды. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған іс-шараға еліміздің әр өңірінен аграрлық сала өкілдері жиналды.
Форумда ауыл шаруашылығы маусымының қорытындылары, фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау және агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мәселелері талқыланып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұрат Қаражұманов пен Геннадий Зенченко аграрлық саланың бүгінгі жағдайы туралы пікір білдірді. Олар ауыл шаруашылығындағы маман тапшылығы, мемлекеттік қолдау және мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды.
Тағы оқи отырыңыз: «Оқымасаң, мал бағасың» деген түсінік қате – ауылға көшкен бұрынғы тележүргізуші