23 Қазан 2026, 10:43 Фото: ҚР Қаржы министрлігі

Үш карьер қазып, кенді сатып отырған: Қарағанды облысында заңсыз бизнеске тосқауыл қойылды

Қарағанды облысында екі компанияның директорына қатысты тергеу жүріп жатыр. Заңсыз өндірістен бүлінген жерді қалпына келтіру арзанға түспейді.

Қарағанды облысында темір мен марганец кенін заңсыз өндіру фактісі анықталды. Заңсыз жұмысты «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директоры ұйымдастырған. Бүлінген жерді қалпына келтіруге 485 млн теңге қажет, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті.

Агенттік мәліметінше, заңсыз кен өндіру жұмыстары Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында жүргізілген. Кен өндіру жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылған.

Жұмысқа жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техника тартылған. Олардың қатарында экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар бар. Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату мақсатында теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

Тексеру кезінде үш карьер анықталды

Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталған. Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

Мүлікке тыйым салынды

Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынған.

Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.