Бүгiн 2026, 16:41 Фото: Kozachkov offside Телеграм-арнасы

Үш адам қаза тауып, екеуі жарақат алды: Арыста адам өліміне әкелген жол апатына күдікті әйел ұсталды

Бір топ адамды қағып кеткен көлік жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған. Қайғылы оқиғаның жаңа мән-жайы белгілі болды.

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының Арыс қаласында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат тарады. Онда автокөлік бір топ адамды қағып кеткені, кейін жүргізушінің оқиға орнынан кетіп қалғаны айтылған. Кейін бұл қайғылы оқиғаның мән-жайын полиция растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Арыс қаласында болған. Алдын ала анықталғандай, JAC автокөлігінің жүргізушісі рөлде мас күйде отырған.

Бірнеше жаяу жүргіншіні қағып кеткеннен кейін әйел оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда көп ұзамай оның жеке басы анықталып, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды.

Жол апаты салдарынан үш адам қаза тапты. Қаза болғандардың арасында екі кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Тағы екі адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Тағы екі зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілуде, – деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаменті.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу-жедел тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті іс-шараларды жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – деп атап өтті полиция.

Түркістан облысы Полиция департаменті азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.

Еске сала кетейік, бүгін Алматыда 21 наурызға қараған түні үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот отырысы өтті. Сот куәгерлерден жауап алудан басталды. 

Ал Ақсуда "жүктімін" деген әйел 20 тәулікке қамалды. Прокуратураның араласуынан кейін мас күйде жол апатын жасаған әйел жазаланды.