12 Қазан 2026, 00:51 Фото: видеодан скрин

«Үш адам қаза тапты»: Қайрат Нұртастың концерті туралы жалған ақпарат таратқан әйел жазаланды

Полиция концерттен кейінгі адам шығыны туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

 

 

Әлеуметтік желілерде Қайрат Нұртас концертінен кейін үш адам қаза тауып, тағы 100 адам жарақат алғаны, ал 50 адамның аяғы сынғаны туралы жазба таратқан әйел жазаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Шымкент қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Жазба авторы концертке жиналған 6 мың адамның қақпаны құлатып кеткенін де мәлімдеген. Оның айтуынша, концерт алаңы мұншама көп көрерменге арналмаған.

Алайда полицияның мәліметінше, тараған ақпарат шындыққа жанаспайды және тұрғындар арасында негізсіз алаңдаушылық туғызған.

Жүргізілген шаралар нәтижесінде жазба авторы анықталған. Оған қатысты материалдар жинақталып, заңға сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.

Ведомство тұрғындарды әлеуметтік желідегі жарияланымдарға жауапкершілікпен қарауға, таратылатын ақпараттың рас-өтірігін тексеруге және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Полиция жалған ақпарат таратқандарға заңнамада көзделген жауапкершілік бар екенін де еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырушы уақытша ұстау изоляторына қамалғанын жазғанбыз.