5 Тамыз 2026, 12:56 Фото: видеодан алынған кадр

«Ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды»: Түркістандағы даулы видеодан кейін 66 жастағы ер адам ұсталды

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, ІІМ ресми мәлімдеме жасады.

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша тіркелген.

Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес еліміз зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екенін, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық саналады, - деп еске салды ведомство.

Сондай-ақ Конституцияда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені және жынысына, дінге көзқарасына немесе өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге жол берілмейтіні бекітілген.

Бұдан бөлек, сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға тиіс екені, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға тыйым салынатыны атап өтілді.

Ішкі істер министрлігі адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын немесе қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемеге қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертті.

Ведомство азаматтарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық әдеп пен өзара құрмет қағидаттарын ұстануға шақырды.

Еске салсақ, кеше ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда тілек айтуға шығып, уағыз айтқан ер адамның видеосына қатысты пікірін білдірген болатын.

Бұған дейін де Ақтөбе қаласында осыған ұқсас жағдай болған еді. Домбыраны "ібілістің мүшесіне" теңеген ер адам сотталып, оған қатаң жаза кесілген еді.

Тағы оқи отырыңыз: Діни араздықты қоздырды: Мұхаммед пайғамбарды қорлаған ер адам сотталды