25 Шілде 2026, 11:51 Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Ұлытау облысының полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды

Ведомствоға полиция полковнигі Бауыржан Сапар жетекшілік етеді.

Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы қызметіне полиция полковнигі Бауыржан Сапар тағайындалды. Тиісті бұйрыққа ішкі істер министрі қол қойған.

Жаңа басшыны жеке құрамға ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков таныстырды.

Бауыржан Сапар ішкі істер органдарында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде қызметтің барлық сатысынан өткен.

Соңғы жылдары ол Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, кейін Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Бауыржан Сапар 1997 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжін, ал 2000 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай жоғары мектебін бітірген.

Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1997 жылы бастаған. 2014 жылға дейін Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ішкі істер департаменттерінде тергеу, жедел қызмет және басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

2014–2022 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасын, Ордабасы аудандық полиция бөлімін, сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты Түркістан қалалық полиция басқармасын басқарды.

2022 жылдың мамыр айынан бастап Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары болды. Ал 2025 жылдың қарашасында Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Президентінің тиісті жарлығымен Ұлытау облысының әкімі болып Есет Байкен тағайындалды.