Ұлытау облысында директор ақыл-есі кем туысын мектеп автобусының жүргізушісі етіп жұмысқа алған
Ұлытау облысында мектеп тасымалын ұйымдастыру кезінде заң бұзушылықтар анықталды.
Ұлытау облысында директор ақыл-есі кем туысын мектеп автобусының жүргізушісі етіп жұмысқа орналастырған.
Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған тұлғаның мектеп автобусын басқаруға заңсыз жол берілгені анықталды.
Анықталғандай, аталған азамат психоневрологиялық ауру бойынша диспансерлік есепте тұрады (жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі). Бала кезінен мүгедек (қайта куәландыру мерзімінсіз), сондай-ақ есту қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедек болып табылады. Бұған қоса, заңды күшіне енген сот шешімімен ол жүргізуші куәлігінен айырылып, көлік құралдарын басқару құқығы болмаған.
Соған қарамастан, Қаражал қаласының жалпы білім беретін мектептерінің бірінде ол жүргізуші лауазымына қабылданып, «ПАЗ-423470» маркалы мектеп автобусымен оқушыларды тасымалдаған.
Көрсетілген шектеулері бар әрі жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаны балаларды тасымалдауға жіберу 129 кәмелетке толмағанның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген. Себебі жүргізуші дыбыстық сигналдарды толық қабылдай алмай, жол жағдайына және төтенше ахуалдарға жедел әрекет ету мүмкіндігінен айырылған, бұл ауыр салдарға әкелуі мүмкін жол-көлік оқиғаларының тәуекелін арттырған. Сонымен қатар, жүргізуші мен білім беру ұйымының басшысы арасында жақын туыстық байланыстардың болуына байланысты мүдделер қақтығысының белгілері анықталды, - деп хабарлады Ұлытау облысы прократурасының баспасөз қызметі.
Прокурорлық қадағалау актісі нәтижесінде аталған жүргізуші мектеп автобусын басқарудан шеттетілді, кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында 31 млн теңгені жымқырған адвокат сотталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жәйремдегі қанды қылмыс: Төрт баланың анасын өлтірген күдікті өзіне қол жұмсамақ болды
Ұлытауда құмар ойын ойнаған 10 басшы мен 26 мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылды
Түтінге уланған: Ұлытау облысында жанып жатқан үйден ер адам құтқарылды