Ұлымнан бас тартпаймын. Қазандағы қанды оқиғадан кейін Ильназдың әкесі отбасындағы жағдай туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазан гимназиясында оқ атып, бірнеше оқушы мен мұғалімдердің өмірін қыршыннан қиған Ильназ Галявиевтің әкесі оқиғадан кейін отбасының өмірі туралы айтты, деп хабарлайды Baza Telegram арнасы.
Ильназ Галявиевтің әкесі Қазан мектебінде болған оқиғадан кейін отбасында не болып жатқанын айтты.
Мен ұлымды сол оқиғадан кейін көрмедім. Тергеушілер оны Мәскеуге сараптамаға апармайынша, оны көруге болмайды дейді. Ильназдан бас тартпаймын, қалай? Әкесімін ғой... Тек ауыстырып киетін киімін ғана беріп жібердік. Тергеушілер бізге ештеңе түсіндірмейді. Бізге ешкім күзет қызметін қоймады, бізді қорғап жатқан ешкім жоқ. Бүгін-ертең келіп, біреу-міреу өлтіріп кетсе де..., - деді ол.Ер адамның айтуынша, ол ұлының мінез-құлқында көзге оғаш көрінетіндей ештеңе байқамаған.
Ильназ жаңа жылдан кейін біраз агрессивті бола бастады. Бірақ мүлдем өзгеріп кетті деп те айта алмаймын. Ашуланған кезде есікті тарсылдатып, қатты жапқаны болмаса...Бір жарым ай бұрын тез ашуланатын болып жүрді, не себепті екенін білмеймін. Біз одан бөлек шығып кеттік, бөлек тұрамыз деген өтірік әңгіме. Ол кезде басқа үйімізде жөндеу жұмыстарын жасап жатқан болатынбыз. Сондықтан анда-мында тұрып жүрдік. Сол себепті ол пәтерде жалғыз тұрып жатты, - деді Ильназдың әкесі.Галявиевтің әкесі қанды оқиғадан кейін отбасында болған оқиғаларды да айтып берді.
Алғашқы күндері журналистер мазамызды алып жіберді. Пәтерден азық-түлік алуға шыға алмай қалдық. Тіпті жарықты да өшіріп тастаған кездері болды. Есігімізді қағып, тыным бермеді, - дейді ол.Ильназдың анасы әлі күнге дейін есін жия алар емес.
Екінші ұлыма әлеуметтік желілерде «сендер қылмыскердің отбасысыңдар» деп жаза бастаған. Енді ол әлеуметтік желіде отырмайды. Полиция телефонын алып алды. Оқуға бармайды, оны үйден оқытуға ауыстыруды сұрады. Әйелім әлі күнге дейін есін жия алмады, төсек тартып жатыр. Мүлдем тұрмайды. Ал маған ешкім ештеңе демеді... Жұмыста өте жақсы ұжым, әріптестер қолдады, оларға үлкен рахмет, - деді Ильназдың әкесі.Ильназдың мектеп оқып жүрген кезінде жиі басы ауырған екен.
Ильназдың бас ауруы туралы ол сегіз не тоғыз оқығанда білдік. Ол жиі басы ауыратынын айтатын. Кездескенде ұлыма не айтар едім дейсіз бе?... Сазайын берер едім...Мен оны көргім келеді, жеке қалып, көзіне қарап ойымдағыны айтар едім..., - деді Галявиев.
Айта кетейік, Қазанның 175-гимназиясында 11 мамыр күні қайғылы жағдай болды. Мектепке оның бұрынғы түлегі - 19 жастағы Ильназ Галявиев келіп, балалар мен мұғалімдерге оқ жаудырды. Салдарынан 9 адам көз жұмып, 20-дан астам адам ауруханаға түсті.
Галявиев тұтқындалды. Оған қатысты РФ ҚК 105-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған істі тергеумен РФ Тергеу комитетінің орталық аппараты айналысып жатыр.
Жақында қылмыскердің әпкесі оның қандай бала болғанын айтып берді.
12 мамыр Татарстанда қаралы күн болып жарияланды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы