Ұлыбританиядан алтынмен оралған боксшыларға Астана әкімі 30 млн теңге сыйақы берді

Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында 2025 жылғы Ливерпульдегі (Ұлыбритания) бокстан әлем чемпионатында жеңіс тұғырына шыққан астаналық спортшыларды құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Хабарламада айтылғандай, Қазақстан командасы командалық есепте бірінші орын алып, жалпы есепте 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

Ең көзге түскен жеңістердің ішінде:

• Санжар Тәшкенбай – екі дүркін әлем чемпионы. Ол алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 кг салмақта әлем чемпионатын жеңіп, екі жылдан кейін Ливерпульде 50 кг салмақта тағы да жеңіске жетті.
• Айбек Оралбай – суперауыр салмақта Қазақстан тарихында әлем чемпионатынан бірінші алтын медальді жеңіп алған боксшы.

Жеңіс Қасымбек ойыншылардың адал еңбегі мен тәртібін атап өтіп, бапкерлер мен жаттықтырушыларға алғыс айтты. Сондай-ақ әкім қала спортын дамытуға бағытталған қолдауды атап өтіп, Астанада Боксты дамыту орталығы жұмыс істейтінін және биыл Бекзат Саттарханов атындағы Спорт кешенінің пайдалануға берілгенін еске салды.

Сіздерді осы жеңістеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Алда сіздерге үлкен табыстар, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілеймін! - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Астана қаласының әкімдігі бұл жеңістер ел спортының мәртебесін көтеріп, жас буынды шабыттандыратынын және қала тарапынан спортқа көрсетілетін қолдау одан әрі жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, Шымкент әкімі сол өңірде тұратын чемпиондарды құттықтап, пәтер мен автокөлік кілттерін табыстаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы