Ұлты шешен болғанмен, жаны қазақ – Джамалайл
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мені бір ой мазалай берді. Қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгердім, ал мемлекеттік тілді білмеймін. Осы азаматтыққа жата ма? Көп ойланып, мен өзіме серт бердім. Мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана, өзімді "қазақстандықпын" деуге құқығым бар.
Бұл - қаны шешен болса да, жүрегі "қазақ" деп соғатын Джамалайл Элимхановтың жүрекжарды сөзі.
Джамалайл "Бейжің сарайында" өтіп жатқан республикалық форумда қазақ тілін қалай игеріп алғаны туралы айтып берді.
Шешен Республикасында соғыс басталғасын, менің отбасым Қазақстанға 1995 жылы көшіп келді. Балалық шағым Ақтау қаласында өтті. Мен орыс мектепте оқыдым. Онда әртүрлі ұлт өкілдері болды. Барлығымызға ортақ тіл орыс тілі болды. Қазақ тілі сабақтары маған қатты ұнайтын, бірақ қазақтілді орта болмағасын, мен ол кезде қазақ тілінде еркін сөйлеп үйренбедім. Мектепті бітіргеннен кейін мен Бейжің қаласындағы Қытай политехникалық университетінің экономика және халықаралық сауда факультетіне түстім. Оқу ағылшын және қытай тілінде жүрді. Қытайда мен 5 жыл оқып, бакалавр дәрежесіне жетіп, екі шет тілін меңгеріп шықтым, - деп бастады өз сөзін форумға қатысушы.
Ол 2014 жылы Ақтауға оралып, жұмыс тәжірибесі болмаса да, мұнай компаниясынан жұмысты тез тауып алыпты. Оған себеп – шет тілдерін жақсы білгені.
Бірақ мені бір ой мазалай берді. Қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгердім, ал мемлекеттік тілді білмеймін. Осы азаматтыққа жата ма? Көп ойланып, мен өзіме серт бердім. Мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана, өзімді "Қазақстандықпын" деуге құқығым бар. "Қазақ тілін қалай да үйренем" деп, 2016 жылы оқуды бастап кеттім. Бағыма қарай, жақсы мұғалім тап болды. Жұмыс көп, уақыт аз, соған қарамастан, сабағымнан қалмай оқыдым. "Оңай болды" деп айта алмаймын, өйткені шешен тілі қазақ тіліне мүлдем ұқсамайды. 2 жылда мен қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім, - деген жетістігін мақтанышпен әңгімелеп берді.
Джамалайл бұдан былай өзін "қазақстандықпын" деп мақтанышпен айта алатынын аса бір қуанышпен жеткізді.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда тұратын барлық азаматтарға "ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді білуге ұмтылыңыз" деген кеңесін берді.
Менің үндеуім біріншіден ер азаматтарға арналады. Қазақстанда ер баланы ел-жұртына қамқоршы, қорған болатындай етіп тәрбиелейді. Керек болса, ер жігіт отаны үшін өмірін де қиған. Ал біз тілімізді үйренуге бос уақытымызды қия алмағанымыз ба сонда?!, - деп түйіндеді өз сөзін шешен ұлтының өкілі Джамалайл Элимханов.
Оның сөзіне сүйенсек, көпшіліктің тілге тиек ететіні – мектепте оқығанда қазақ тілді орта болмағаны. Алайда, мұны ол "сылтау" деп санайды.
Қазақ тілін кез келген жаста оқуға болады. Бастысы – ынтаңыз мен өз еліңізге деген құрметіңіз. Менің қолымнан келді, сіздің қолыңыздан да міндетті түрде келеді, - дейді "Ұлы Даланың ұлтаралық тілі" форумының қонағы.