Ұлттық рухты ту еткен Ұлықпан Есілханұлы 75 жаста

«Дос-Мұқасан» десе «Той жыры» егіз қозыдай қоса айтылады. Ал ән авторы ел жастарын өнерімен баурап алған «Дос-Мұқасан» ансамблі мүшелерінің қатарында 1973 жылы Берлин қаласында өткен Бүкіл дүниежүзі жастары мен студенттерінің X фестивалінің лауреаты атанған болатын, деп жазады BAQ.KZ.

Бұдан бөлек қазақ эстрадасының алтын қорына енген «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашықпын» сияқты талай әндері киелі сахнада шырқалған. Бұл ұлтжанды ұрпақ болуға ұмтылған жастардың рухани ортасы еді...  

Автоматика және есептеу техникасы саласының студенті бүгінгі таңда саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, ғылымға үлкен үлес қосып жүрген ғалым. Ол студент кезінен өзгенің сойылын соғудан ада болып, ана тіліне құрметі үшін «таяқ жегендердің» бірі. Алайда, табандылығымен, білімділігімен, ұлттық мүддені әрқашан бірінші орынға қойып, күрескер бола білді. Заман талабына сай техникалық білім жүйесін дамытуда алғашқы қазақ топтарын ашып, ғылым салысында да тәрбие ісінің ұлттық мазмұнға ие болуына мейлінше ат салысып, студенттерге бағыт-бағдар берді. 

Кезінде университеттегі «Қазақ тілі қоғамын» құруға белсене қатысып, оның тең төрағасы, «РАС» газетінің негізін қалап, 8 жыл бойы бас редакторы болды.

Ұ.Сыдықов ғылыми ізденістермен де үздіксіз жемісті шұғылданып келеді. Оның ғылыми еңбектері қоғамдағы әлеуметтік-рухани және техникалық жүйелердің өзара байланыстарын жан-жақты зерделеп қарастыруға бағыттала отырып, гуманитарлық ғылым саласын инженерлік ой-жүйе айшықтарымен шебер ұштастыруымен ерекшеленеді. 450-ден астам ғылыми, ғылыми-публицистикалық және оқу-әдістемелік еңбектердің, оның ішінде 11 монографияның, 20-дан астам оқулық пен оқу құралының авторы. Оның 10-шы рет қайта басылған Қазақстанда алғашқы рет мемлекеттік тілде жазылған «Философия» оқулығы (проф. Д.Кішібековпен бірге), «Саясаттану» оқулығы (1996, 2007, 2012 жылдары қайталап басылды), «Инженерлік еңбектің социологиясы» оқулығы (орыс тілінде – 2000 ж., қазақша 2003, 2007, 2013 жж.) ғылыми көпшілік пен оқушы қауымның ыстық ілтипатына ие болды. 

Ұ.Сыдықов 1984-1986 жылдары белгілі қоғам қайраткері журналист Сағат Әшімбаевпен бірлесіп Қазақ теледидарында «Жүректен қозғайық» деп аталатын хабарлар циклын жүргізді. Бұл хабар қазақ жастарының ұлттық сана сезімінің өсуіне үлкен ықпал жасағаны белгілі. Одан кейін ұзақ жылдар бойы профессор, марқұм Ахмет Ержановпен және өз ұстазы академик Досмұхамед Кішібековпен бірлікте «Республика өмірінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта телехабарлар циклын жүргізіп келді. Қазір де Қазақ радиосы, Шалқар радиосы және ұлттық «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан берілетін хабарлардың тұрақты қатысушысы және кейіпкері.

Естеріңізге сала кетейік, Ұ.Сыдықов 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2011 жылы ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының, 2015 жылы ҚР педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, Қазақстан Шығармашылық академиясының мүшесі, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінің және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Құрметті профессоры, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы мен Мақаншы ауылының Құрметті азаматы, бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректорының кеңесшісі, «Ақсақалдар алқасы» құрылымының төрағасы міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы