Ұлттық құрылтайдың V отырысы: Қызылорда – 2026 жыл

Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтеді. BAQ.KZ тілшілері Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА мен Мақпал ОРЫНБЕК маңызды іс-шарадан онлайн-трансляция ұсынады. Құрметті оқырман, лентамызды жаңартуды ұмытпаңыздар.

ЖАҢАРТУ

11:29 – Марат Шибұтов: 

Президент әкімшілігі жанынан іріктеу комиссиясын құруды ұсынамын. Комиссия мүшелері өздері бұл конкурсқа ешқандай жағдайда қатыса алмайтындай болуы керек, яғни комиссия құрамында болған бүкіл кезеңде. Сол комиссия 3 тілде басып шығаруға арналған шамамен 50-100 кітапты іріктеп алсын. Осылайша біз тиімділікті барынша арттыра аламыз.

11:28 – Шибұтов ғылымды қаржыландырудың тиімділігі мен қайтарымы туралы мәселе көтерді.

Соңғы 6 жылда ғылымға бөлінетін қаржы 10 есе өсті: 23 миллиардтан 250 миллиард теңгеге дейін. Бұл – өте дұрыс әрі аса қажет саясат, өйткені ғылымсыз елдің дамуы мүмкін емес. Бірақ мәселе – сол қаржының нақты қайтарымында. Иә, қаржыландыруды 10 есе арттырдық. Бірақ соның нәтижесінде елеулі жаңалықтарды көрдік пе? Коммерциялық әзірлемелерді байқадық па? Кем дегенде ғылыми жарияланымдардың айтарлықтай өсімін көрдік пе? Ғылым нақты нәтиже беруі үшін мемлекеттік тапсырыс жүйесін өзгерту қажет, - деді саясаттанушы.

11:27 – Марат Шибұтов:

Бұдан бөлек, барлық әлеуметтік міндеттемелер сәулет-жоспарлау тапсырмасында нақты көрсетілуі тиіс. Тіпті, сол нысанның құны көлемінде айыппұл салу тетігін де енгізуге болады. Ақшаны Дубайдағы зәулім үйлерге емес, әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсасын.

11:26 – Саясаттанушы: 

Осы меморандумдардың барлығына толық түгендеу жүргізу керек. Мен Алматыда бұл жұмыс істелгенін нақты білемін. Енді салынбай қалған нысандардың нақты санын анықтау қажет. Мұны кем дегенде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жасау керек. Соның нәтижесінде нақты әрі қатаң шаралар қабылдануға тиіс.

11:24 – Марат Шибұтов: 

Статистикаға қарасақ, биыл білім мен ғылымға шамамен 900 миллиард теңге бөлінген. Ал өткен жылы бұл сома 1,4 триллион болған. Неліктен азайды? Себебі оның ішінде осы әлеуметтік нысандарды құрылыс компаниялары салады деген күтілімдер бар. Бірақ ол орындалмай отыр.

11:23 – Сөзді саясаттанушы Марат Шибұтов алды:

Жаппай тұрғын үй салу кезінде құрылыс компаниялары әкімдіктермен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу туралы меморандумдар жасайды. Алайда бұл меморандумдардың орындалмауына ешқандай жауапкершілік қарастырылмағандықтан, олар сол нысандарды салмайды. Ал шын мәнінде, әңгіме ондаған объект туралы болып отыр. Егер солардың бәрі салынғанда, қазір бар оқушы орындарының тапшылығын толықтай жабуға болар еді.

11:21 – Депутат сөзін аяқтады.

Қазақта «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген сөз бар. Бұл сөздің артында елдік мүдде, жарқын болашаққа деген ұмтылыс атыр. Бұл ретте ауқымды реформаларды іске асыру бойынша атсалысатын боламыз, - деді Нұртай Сабильянов.

11:19 – Депутат:

Ел тарихындағы мерейлі белес той тойлаймен емес, санамыздың өзгергенін, жақсы әдеттердің қалыптасқанын көрсететін үлгі жұмыстармен, өнегелі істермен есте қалуы керек, - деді депутат Нұртай Сабильянов Құрылтайда.

11:17 – Сабильянов: 

Экологиялық жауапкершілік тек қана тұрғындардың белсенділігімен шектелмейді, оған елдегі барлық өндіріс орындарының, әсіресе экологиялық сын-қатері жоғары кәсіпорындарды тартуымыз қажет. Осы орайда тұғырлы тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы аясында "Таза Қазақстан" бастамасын жаңа деңгейге көтеруді ұсынамын. Мерейтой аясында әркімнің өзінің ауласы мен көшесін, ауылы мен ауданын, қаласы мен өңірін көркейтуге үлес қосса екен. Тұрғындар ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына дәл осылай атсалысса деген тілегім бар. Бұл халқымыздың тәуелсіздігіне тамаша тарту болады.

11:14 – Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың ұсынысы:

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие жүйесін енгізу керек деп есептеймін. Мұны даму институттары мен банктердің қаражатын үлестіру арқылы жүзеге асыруға болады. Бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек.

11:11 – Нұртай Сабильянов: 

Кеше экономикалық даму секциясының жұмысына қатыстым. Секцияда аймақтарды дамыту бойынша бірқатар бастамалар көтерілді. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында атқарылып жұмысқа оң нәтиже берілді.

Біз жақында әріптес депутаттармен бірге өңірлерге барып, халықпен кездестік. Сапарда халық ел бастамаларына жақсы баға беріп отыр. Өзім сайланған Абай облысына 1 трлн 200 млрд теңге бөлінді. Бұл біздің өңіріміз үшін бұрын-соңды болмаған нақты, қомақты қолдау, - деді депутат Сабильянов.

11:09 – Ерлан Қарин алғашқы сөзді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновқа берді.

Құрылтайдың Бурабайдағы бастамасынан кейін жоспарға сәйкес бірнеше бағытта жұмыс жүргізілді. Бұған қоса, осы уақыт ішінде 10 заң жобасы жұмысқа алынды, – деді Ерлан Қарин.

Құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысынан кейін Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру мақсатында 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітілді. Осы жоспарға сәйкес бірқатар маңызды бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді, - деді Қарин.

11:06 – Мемлекеттiк кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың V отырысының ашылуында сөз сөйлеп жатыр. Ол бұған дейінгі Бурабайда өткен отырыстың қорытындысын жариялауда.

11:05 – Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы өз жұмысын бастады.

10:43 – Бүгінгі Қызылордадағы отырыста да ел дамуына қатысты өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылады деп күтілуде. Құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар әлеуметтік, саяси және мәдени бағыттағы ұсыныстарын ортаға салады. Отырыс шамамен 11:00-де басталады.

10:36 – Медиа орталықта тікелей эфир осы экраннан көрсетіледі.

10:30 – Ұлттық құрылтай отырысы елордадағы Казмедиа орталығынан тікелей эфирде көрсетіледі. БАҚ өкілдері алқалы жиыннан халыққа ақпарат тарату үшін медиа орталыққа жиналып жатыр.

Ұлттық құрылтай 2022 жылдан бері елдегі қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланатын тұрақты алаңға айналды. Алғашқы отырыстарда қоғамның сұранысына сай саяси реформалардың мазмұны, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, әділеттілік пен ашықтық қағидаттарын күшейту мәселелері кеңінен қозғалды. Сол кезеңде көтерілген бірқатар бастама кейін заңнамалық және институционалдық өзгерістерге негіз болды.

Одан кейінгі отырыстарда әлеуметтік саясат, аймақтардың дамуы, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ білім беру саласындағы түйткілдерге басымдық берілді. Қоғам өкілдері нақты ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізу тәжірибесі қалыптасты.

Ал 2025 жылға қарай Ұлттық құрылтай тек пікір алмасу алаңы емес, нақты ұсыныстар мен шешімдер пісіп-жетілетін қоғамдық институт ретінде орнықты. Құрылтайда айтылған бастамалардың іске асу барысы, олардың қоғамға әсері де жиі талқылана бастады.

Бүгінгі Қызылордадағы отырыста да ел дамуына қатысты өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылады деп күтілуде. Құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар әлеуметтік, саяси және мәдени бағыттағы ұсыныстарын ортаға салады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы