Ұлттық қор, бюджет пен зейнетақы. Қазақстан алдағы 3 жылда қалай өмір сүреді?

Сенаторлар мақұлдап, Мемлекет басшысы қол қойса, Қазақстан өзінің үш жылдық бюджетін қабылдайтын болады. Бұл біздің кірісіміз бен шығысымызды реттейтін негізгі құжат және оның әр азаматқа қатысы бар, деп жазады Алматы облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бюджеттің кіріс бөлігі мен шығыс бөлігіне міндетті түрде тоқталатын боламыз. Бірақ қарапайым халыққа, ең алдымен Ұлттық қордан алынатын қаржыны қайда құртатынымыз өте қызық. 

Сонымен, келесі жылы бюджет 17,5 триллион теңге кіріс алатын болады. Оның 13,5 триллион теңгесі - салықтан келмек. 3,6 триллонды - трансферттер береді. Оның ішінде 490 миллиард теңге - Алматы, Атырау мен Астана қаласының донор ретінде жинап бергені. Ал 1,2 миллиард теңге - негізгі капиталды сатудан түсетін кіріс. Ол дегеніміз – мемлекет меншігіндегі дүниені аукциондарда, жекешелендіруде сату. Салықтық емес түсімдер, яғни Байқоңыр, полигондарды жалға беру, тағы басқалары - 351 миллиард теңге алып келеді. 

Келесі жылы да бізде бюджеттік дефицит болады. Яғни, жұмсайтынымыз тапқанымыздан көп. Бюджет шығысы - 20,6 триллион теңге деп жоспарланған. Сонда бюджеттік дефицит 3,2 триллион теңге болады. 

Алматы, Астана мен Атырау орталық бюджеттен қаржы алмайды. Ал қалған 18 өңірге 5 триллион теңге таратылып берілмек. Сол қаржының 20 пайызын, яғни 1 триллион теңгені Түркістан облысы алатын болады. Мысалы, жаңадан құрылған Абай облысына - 216 миллиард теңге, Ұлытау облысына - 52 миллиард теңге беру көзделген. Түркістанға ақшаның көп берілетіні – облыстағы адам санына байланысты.

Бюджеттің дефициті туралы айттық. Яғни, келесі жылы 3,2 триллон теңге дефицитті бірдеңе қылып жабу керек болады. Осы орайда, біздің келесі жылы Ұлттық қордан алатын қаржымыз тура осындай 3,2 триллион теңге екенін айта кету керек.

Ұлттық Қордан алынатын қаржы екіге бөлінеді: кепілдендірілген трансферт және нысаналы трансферт. Кепілдендірілген трансферт көлемі 2,2 триллион теңге, ал нысаналы трансферт 1 триллион теңгеге шығып тұр.

Ия, ол бюджет дефицитін жабады. Бірақ осы ақша неге жұмсалады?

Ұлттық қордан келетін кепілдендірілген трансферт жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсалады. Жалпы зейнетақы мен жәрдемақыға (стипендия, пособие, декрет, АСП) 20 триллион теңге бюджеттің 4,5 триллионы жұмсалады. Сонда осы әлеуметтік қамтуға арналған ақшаның 2,3 триллион теңгесі жиналған салық, ал 2,2 триллион теңгесі Ұлттық қордан келеді.

Енді Ұлттық қордың 1 триллион теңге нысаналы трансферті қайда жұмсалады? Оның жартысы, яғни 500 миллиард теңге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қазақстан бойынша мектептер салуға, жаңартуға бағытталмақ. 

Ал қалған 500 миллиардты не істейміз? Естеріңізде болса, Ресей Украинаға басып кіріп, рубль құлдырай бастағанда теңгенің де бағамы шатқаяқтай бастаған болатын. Сонда Үкімет, азаматтар қайтадан долларға жүгірмесін деп, теңгедегі депозиттерді сақтап қалу үшін әр теңгелей депозитке үстіне 10% үстемақы тағайындаған еді. Сол үстемақыны төлеу үшін осы ақшадан 184 миллиард теңге алынатын болады. Енді 316 миллиард теңге қалды. Оның 88 миллиард теңгесін Ұлттық экономика министрлігі алады да, шағын моноқалаларды ұстап тұру, онымен бірге «Ауыл-алтын бесігім» бағдарламасы аясында ауылдарды жөндеу, дұрыстау жұмыстарын істемек. Ал 160 миллиард теңгесіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі асфальт жолдарды ретке келтірейін деп отыр. 67 миллиард теңге Энергетика министрлігі алып, оған газ құбырларын тартады.   

Биыл Ұлттық қордан 3,2 триллион теңге жұмсаймыз. Енді бюджеттік ереже бойынша келесі жылы осы шығындар 200 миллиард теңгеге азаюы тиіс. Ал 2024 жылы 300 миллиард теңгеге қысқартылмақ.

Алда-жалда оқыс оқиға орын алып қалса (мысалы, Арыстағы жарылыстар, Қостанайдағы өрт), ондай жағдайларға Үкімет ылғи резерв ұстап отырады. Сол ақшадан үйі өртеніп кеткендерге үй салып береді, қаржылай көмек көрсетеді. Келесі жылы осы резерв 754 миллиард теңге көлемінде бекітіліп отыр. 

Сонымен бірге, бюджетте президенттің түрлі бастамаларына да қаржы бөлінеді. Келесі жылы Мемлекет басшысы бастамалары үшін 417 миллиард теңге қарастырылған. Мысалы, ол ақшаға президент кредиттерді кешіре алады, немесе өз қалауынша жеңіл ипотека сияқты халыққа сыйлық жасай алады.

Мемлекет те адам сияқты. Шығыны да болады, кірісі де болады. Сондықтан мемлекеттік бюджет құпияларын түсіне бастасаңыз, көп процестерге басқаша қаорайтын боласыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы