24 Қыркүйек 2026, 11:11 Фото: BAQ.KZ коллажы

Ұлттық қор ақшасын жолға жұмсаған тиімді ме, әлде шетелде инвестициялаған дұрыс па? Экономистер не дейді?

Ұлттық қордың қаражатын ел ішіндегі құрылысқа көбірек бағыттау керек пе? Бұл сұраққа жауап беру үшін салынған қаржының көлемін ғана емес, оның экономикаға қандай пайда әкелетінін есептеу қажет. BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірген экономистер Алдияр Саматов пен Бауыржан Ысқақ ішкі жобалардың қайтарымы мен қордың шетелдік активтерден алатын табысын қалай бағалау керегін түсіндірді.

«Ұлттық қордың бастапқы мақсатын ұмытпау керек»

Экономист Алдияр Саматовтың айтуынша, Ұлттық қор мұнай мен басқа да пайдалы қазбалардан түсетін кірісті болашақ ұрпаққа сақтап, жинақтау үшін құрылған. Сондықтан қор ақшасын қайда жұмсау керегі туралы талқылауда осы мақсат басты өлшем болуы тиіс.

Ұлттық қордың шетелдік активтерге инвестиция салуы шетел экономикасына жұмыс істеп жатыр деген сөз емес. Бұл қордың инвестициялық кірісін әкеліп, ондағы қаражатты, капиталды көбейтіп жатыр деуге болады. 2025 жылдың өзінде кіріс 15 пайызға артқан болатын,- деді Алдияр Саматов.

Оның сөзінше, шетелдік активтерге инвестиция салу табыс табумен қатар тәуекелдерді әртараптандыруға көмектеседі.

Қазақстан экономикасы мұнай бағасы мен доллар бағамының өзгерісіне тәуелді. Ал қор қаражатын әртүрлі нарыққа орналастыру ішкі экономикалық жағдайдың немесе дағдарыстың бүкіл жинаққа бірдей әсер ету қаупін азайтады,- деді экономист.

Қаржы құйылғанда өндіріс те өсуі керек

Алдияр Саматов ел ішіндегі жобаларды бағалағанда инфляцияны да ұмытпау керек дейді. Оның айтуынша, Ұлттық қордан экономикаға қомақты қаражат бөлінсе, соған сәйкес өндіріс пен жалпы ішкі өнім өсе ме деген сұраққа алдын ала жауап қажет.

Егер экономикаға құйылған қаражат өндірістен жоғары болса, инфляция пайда болады. Сонымен қатар салынып жатқан инвестициялар толыққанды Қазақстанға жұмыс істей ме деген сұрақ бар. Біз көп нәрсені Қытайдан, Ресейден және басқа мемлекеттерден импорттаймыз. Бұл валютаға сұранысты арттырып, теңгенің құнсыздану қаупін күшейтуі мүмкін, – деді ол.

Экономистің пікірінше, мұндай тәуекелдер ел ішіндегі жобалардан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Стратегиялық маңызы бар, Қазақстанға ұзақ мерзімде пайда әкелетін жобалардың экономикалық тиімділігі дәлелденсе, оларға қаржы бөлу орынды.

Ұлттық қордан трансферттер арқылы бюджетке қаражат бөлініп жатыр, оның ішінде жетіспейтін қаржыны толықтыруға да жұмсалады. Сондықтан қордың негізгі мақсаты орындалып жатыр ма деген сұраққа жауап беруіміз керек. Қаражатты болашақ ұрпаққа сақтап, жинақтауға мүмкіндік бар ма? Ішкі жобалардан түсетін пайда валюталар мен шетелдік бағалы қағаздарға салынған қаражаттың кірісінен жоғары бола ма? Міне, осыны есептеу қажет, – деді Алдияр Саматов.

Жолдың тиімділігін қалай өлшеуге болады?

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Ұлттық қордан ел ішіндегі құрылысқа бөлінген қаржының тиімділігін жұмсалған сомамен емес, оның экономикаға әкелген қайтарымымен өлшеу керек.

Мысалы, Ұлттық қордан жол салуға 500 миллиард теңге бөлінді делік. Оның тиімділігін «500 миллиард теңгеге жол салынды» деп қана бағалау жеткіліксіз. Сол жолдың арқасында тасымал уақыты қанша қысқарды, бизнестің логистикалық шығыны қаншаға төмендеді, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары қанша пайда болды дегенге қарауымыз керек,- деді ол.

Бауыржан Ысқақ бағалау кезінде салық түсімінің өсуін, аймақтағы инвестиция көлемінің өзгеруін, халық табысы мен экономикалық белсенділікке әсерін де есепке алуды ұсынды.

Мектеп, аурухана, электр станциясы сияқты әлеуметтік инфрақұрылымдарды да дәл осылай талдау қажет. Әр жоба бойынша бастапқы инвестицияны, оны пайдалану шығынын, экономикалық және әлеуметтік қайтарымын есептеуіміз керек. «Ұлттық қор ақшасын инфрақұрылымға бағыттайық» деген пікірдің өзі жеткіліксіз. Ең басты сұрақ – сол нысан болашақта экономикаға қанша құн қосады? – деді экономист.

Шетелдік активтер Қазақстанға не береді?

Экономист Бауыржан Ысқақ Ұлттық қор қаражатын шетелдік активтерде ұстаудың екі пайдасын атады. Біріншісі – ұзақ мерзімді инвестициялық табыс. Екіншісі – қор жинағын Қазақстан экономикасына тән тәуекелдерден қорғау.

Егер барлық қаражат Қазақстан экономикасының ішінде қалса, оны мұнай бағасының өзгеруіне, инфляцияға және ішкі экономикалық цикл тәуекелдеріне көбірек байлап қоямыз. Сондықтан Ұлттық қор активтерін шетелдік нарықтарға орналастыру белгілі бір дәрежеде қорғаныс механизмі болып табылады, – деді ол.

Экономистің айтуынша, қолданыстағы тұжырымдамада да қор активтерін шетелдік қаржы нарықтарына орналастыру мұнай бағасының ауытқуынан қорғау және ұзақ мерзімді кірістілікті қамтамасыз ету мақсатымен түсіндіріледі.

Ішкі жоба жақсы ма, әлде шетелдік актив жақсы ма деп тікелей салыстыру дұрыс емес. Ішкі жобаның экономикалық қайтарымын, әлеуметтік әсерін, тәуекелі мен өтімділігін шетелдік активтің күтілетін кірістілігімен, тәуекелімен және өтімділігімен бірге есептеу керек, – деді Бауыржан Ысқақ.

Оның пікірінше, Ұлттық қордың ел экономикасына бағытталған бөлігі табыс әкелетін немесе экономиканың өнімділігін арттыратын жобаларға жұмсалуы маңызды.

Ағымдағы бюджет тапшылығын жабуға ақша жұмсау мен болашақта капитал қалыптастыратын инвестицияның арасында үлкен айырмашылық бар, – деп түйіндеді экономист.

Бұған дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастағалы бері қазақстандықтар шамамен 76,11 млн доллар жинақ қаражатын пайдаланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Ұлттық қордағы 100 млрд доллар межесі 2030 жылдан кейін орындалуы мүмкін – Әмрин

Қазақстанның Ұлттық қорындағы ақша 2029 жылы қанша миллиард долларға жетеді?

Құрылтай, ЖИ жылы және «Ұлттық қор – балаларға»: Сауалнама Тоқаевтың ең танымал ТОП-3 бастамасын анықтады