Ұлттық банк теңгенің құлдырауына әсер еткен бірнеше факторды атады

Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының соңғы екі аптадағы әлсіреуіне қатысты сұраққа жауап бере келе, бірнеше фактордың бір мезетте қосарланғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ банктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Тимур Сүлейменов жаһандық инвесторлармен кездесті. Жиын барысында реттеушінің басшысы қатысушылардың назарын қазіргі экономикалық жағдайға, жүргізіліп жатқан монетарлық саясаттың негізгі бағыттары мен алдағы сын-тегеуріндерге аударды.

Тимур Сүлейменов Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзінің негізгі мандатынан ауытқымайтынын айтты.

Ұлттық банктің негізгі міндеті – проинфляциялық қысымды жұмсарту және инфляцияны ортамерзімді мақсатқа жақын 5% деңгейінде тұрақтандыру. Барлық күш-жігер осы мақсатқа жетуге бағытталады. Алайда, теңгенің айырбас бағамы еркін өзгермелі қалпында қала береді. Сонда ғана экономика кез келген өзгерістерге тез бейімделетін болады, - деді Ұлттық банктің төрағасы.

Ақша-кредит саясатының бұдан әрі бағыты Ұлттық банктің бұрынғы іс-әрекеттері мен ақпараттық саясатына сәйкес болады. Нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болса, базалық мөлшерлемені қалыпты түсіру жалғасады. Дегенмен фискалды ынталандырудағы әлеуетті ұлғаю тәуекелдері және экономикадағы тұрақты сұраныс жағдайында инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі оны төмендеу кеңістігін шектеуі мүмкін.

Ақша-кредит саясаты әдеттегідей ашықтыққа, жүйелілікке, түсінікті әрі болжамды болу қағидаттарына негізделетін болады. Банк ықтимал ауытқуларға дер кезінде ден қою үшін жылдық инфляцияның таргетке келу траекториясын қадағалап отырады.

Теңге бағамының соңғы екі аптадағы әлсіреуіне қатысты сұраққа жауап бере келе, Ұлттық банктің төрағасы бірнеше фактордың бір мезетте қосарланғанын айтты. 

Олар: АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі (дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5%-ға өсті), импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы, базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы. Осы факторлардың жиынтығы теңге бағамының қысқамерзімді әлсіреуіне әкелді. Маңызды факторлар тұрғысынан алып қарағанда, мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсетеді, - деді ол.

Инвесторлармен болған диалог кезінде Ұлттық банк қызметінің басым бағыттары ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуден бөлек, монетарлық және фискалдық саясатты үйлестіру, ішкі қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оны одан әрі қалыпты дамыту ісінде Үкіметпен тиімді жұмыс жасалғаны айтылды.

Төраға сондай-ақ Ұлттық банктің ашық та айқын коммуникациялық саясатты жалғастыруға ниетті екенін және оны одан әрі жетілдіруге күш салатынын атап өтті.

Айта кетейік, 28 қыркүйекке арналған валюта бағамына сәйкес АҚШ доллары– 482.77 теңгеге, ал еуро - 509.71 теңгеге жеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы