Ұлттық банк мобильді аударым лимитін 1 млн теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр
Ұлттық банк банкаралық мобильді төлемдер жүйесіндегі бір операцияның лимитін 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Тиісті өзгерістер қабылданса, жаңа талаптар қазан айының соңында күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері Ұлттық банк мобильді аударым лимитін қаншаға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын және жаңа ережелер қашан қолданысқа енетінін сұрады.
Жәленовтің айтуынша, аударымдарға қойылатын шектеулер қолданылатын жүйеге қарай ерекшеленеді. Ал жұртшылық «бірыңғай QR» деп атайтын банкаралық мобильді төлемдер жүйесі QR арқылы төлем жасаумен қатар, телефон нөмірі бойынша ақша аударуға да мүмкіндік береді.
Жүйеге байланысты әртүрлі лимит бар. Егер банкаралық мобильді төлемдер жүйесі туралы айтсақ, біз оны 19 шілдеде іске қостық. Халық оны «бірыңғай QR» деп атайды. Шын мәнінде, бұл жүйеге QR арқылы төлемдерден бөлек, телефон нөмірі бойынша аударымдар да кіреді. Жалпы, әр банктің тәуекелдерді басқару жөніндегі өз саясаты бар, – деді ол.
Оның түсіндіруінше, әр банк клиенттері үшін аударым лимиттерін дербес белгілейді. Сондай-ақ пайдаланушылар мобильді қосымшада өздеріне қолайлы шектеулерді орната алады.
Бұдан бөлек, ортақ тәуекелдерді басқару жүйесі аясында белгіленетін базалық лимиттер бар. Қазір оларды өзгертуге қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасы «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығарылған.
Біздің ортақ тәуекелдерді басқару жүйеміз аясында белгіленетін базалық лимиттер бар. Қазір нормативтік құқықтық актінің жобасын «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығардық. Егер бәрі қабылданса, қазанға қарай іске қосылады. Меніңше, бір транзакцияға арналған шекті 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ұлғайттық. Қазан айының соңында күшіне енеді деп ойлаймын, – деді Бинұр Жәленов.
Бұған дейін Қазақстандықтар шетелде өз банкінің қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алатынын хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов Central Asia Fintech Summit 2026 форумында айтты.
Тағы оқи отырыңыз: Қытай мен Үндістанда QR арқылы төлеу: Мүмкіндік қашан ашылады?
Қазақстан мен Қытай арасындағы ортақ QR-төлем қалай жұмыс істейді?