24 Шілде 2026, 14:08 Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк КТК-дағы жағдай теңге бағамын күрт құбылтпайды деп сендірді 

Ұлттық банк Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдаудың тоқтатылуына байланысты теңге бағамының күрт құбылуын болжап отырған жоқ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

КҚК – мұнай экспортталатын негізгі құбыр. Сондықтан экспорттан түсетін валюталық кірістің көлемі де оның жұмысына тікелей байланысты. Дегенмен біз теңге бағамының айтарлықтай күрт құбылуын күтпейміз. Әрине, бағам күрт өзгерген жағдайда әрекет етуге арналған құралдарымыз жеткілікті. Олардың қатарында алтын-валюта резервтері мен айналау операциялары бар. Яғни нарықтық емес факторлардың әсерінен бағам күрт құбылса, оны тұрақтандыруға мүмкіндігіміз бар, – дейді Тимур Сүлейменов.

Қазақстан мұнайын тиеу үшін КҚК терминалына келген Nordic Zenith мұнай танкері дрон шабуылынан кейін зақымданды. Кемеде өрт шығып, оны экипаж мүшелері өз күштерімен сөндірген. Мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. КТК мамандары экипаждың 13 мүшесін эвакуациялады, тағы тоғыз теңізші кеме бортында қалды.

Сондай-ақ Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалына Қазақстан мұнайын тиеуге бара жатқан Yasa Polaris танкеріне де дрондар шабуыл жасады. Reuters мәліметінше, шабуыл кезінде кемеде мұнай болмаған. Оқиғадан кейін танкер қауіпсіз портқа бет алған.

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыт. Елден шетелге жөнелтілетін мұнайдың шамамен 80%-ы осы құбыр арқылы тасымалданады.

20 шілдеде КТК-ның теңіз терминалына тағы да дрон шабуыл жасады.

Қазақстан СІМ мәлімдемесі

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында азаматтық кемелерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптады.

Ведомство бұл әрекеттерді Қазақстанның экономикалық мүдделеріне жасалған жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ халықаралық сауданы, әлемдік энергетикалық нарықтар мен көлік-логистикалық тізбектерді тұрақсыздандыру әрекеті деп атады.

Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етті. Сонымен қатар келтірілген залалдың көлемі бағаланып жатқанын мәлімдеп, халықаралық құқыққа сәйкес шығынды өтеуді талап ету құқығын өзінде қалдырды.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті.