Ұлттық банк базалық мөлшерлемені не үшін төмендетті? – Сүлейменов түсіндірді
Қазақстанда инфляцияның баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда баға өсіміне қатысты тәуекелдер әлі де жоғары болғандықтан, Ұлттық банк қатаң ақша-кредит саясатын сақтауды көздеп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлеме бойынша шешім инфляция динамикасы, оған әсер ететін факторлар және тәуекелдер теңгерімі ескеріле отырып қабылданған.
Ұлттық банк төрағасы инфляцияның өсу қарқыны баяулағанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының оң нәтижесін көрсетеді. Инфляцияның бәсеңдеуіне теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірлесіп қабылданған инфляцияға қарсы шаралар да ықпал еткен.
Сонымен қатар инфляцияның төмендеуіне қарамастан, оның деңгейі әлі де жоғары. Ал тәуекелдер теңгерімі инфляцияның қайта үдеу қаупі бар екенін көрсетеді. Сондықтан Ұлттық банк ақша-кредит саясатын бірден жұмсартпай, сақтық танытуды жалғастырады.
Біздің басты міндетіміз – инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5% аралығына дейін төмендетіп, 2028 жылы оны 5% нысаналы деңгейге жақын тұрақтандыру, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдер инфляцияның нақты динамикасына, инфляциялық болжамдарға және бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін тәуекелдерді басқару мүмкіндігіне байланысты қабылданады.
Инфляция қалай өзгерді?
Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулаған. Тамызда бұл көрсеткіш 9,8% болған.
Инфляцияның негізгі құрамдас бөліктерінде де өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, азық-түлік инфляциясы 9,5%-дан 8,5%-ға дейін төмендеген. Бұған көкөністер мен жемістер бағасының айтарлықтай арзандауы әсер еткен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11%-ға дейін баяулаған.
Ал ақылы қызметтер бағасының өсуі біркелкі емес. Реттелмейтін қызметтер бағасы бірқалыпты өссе, нарықтық қызметтер құнының өсу қарқыны жоғарырақ қалып отыр.
Қыркүйекте айлық инфляция 0,6% болып, тамыздағы деңгейде сақталған. Бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға арзандағанымен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,1%-ға, ақылы қызметтер 1%-ға қымбаттаған.
Базалық инфляция 0,7% болған. Ал маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіші тамыздағы 0,9%-дан 0,7%-ға дейін төмендеген. Дегенмен бағаға тұрақты қысым жасайтын факторлар әлі де бар.
Халықтың инфляциялық күтулері де аздап төмендеген. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 11,8%-ды құрап, тамыздағы 12,1%-дан азайған. Азық-түлік, жанар-жағармай және коммуналдық қызметтер бағасы халықтың инфляциялық күтулеріне әсер ететін негізгі факторлар болып отыр.
Ал кәсіби нарық қатысушыларының болжамдары жақсарған. Олардың 2026 жылға арналған инфляция болжамы 9,5%-ға, 2027 жылға арналған болжамы 8,3%-ға дейін төмендеген.
Экономикалық өсім жалғасып жатыр
Ұлттық банк төрағасы Қазақстан экономикасының оң динамикасын да атап өтті. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі 4,2% болған. Ал тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, экономикалық өсім 5,4%-ға бағаланып отыр.
Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші – шикізаттық емес сектор. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында жоғары өсім байқалған. Ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтері де оң динамиканы сақтап отыр.
Сонымен бірге мұнай өндіру көлемінің төмендеуі жалпы экономикалық өсімді тежеген. Қаңтар-қыркүйек аралығында мұнай өндіру 8,3%-ға қысқарған.
Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде қалып отыр. Тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 7%-ға өскен. Ал бюджет қаражатын есепке алмағанда, шикізаттық емес секторға бағытталған инвестициялар 25%-ға артқан. Күрделі салымдардың ең жоғары өсімі өңдеу өнеркәсібі мен энергетика салаларында тіркелген.
Ішкі сұраныс та оң динамика көрсетіп отыр. Қаңтар-қыркүйекте бөлшек сауда көлемінің нақты өсімі 4,5%-ды құраған. Тамызда тұтынушылық кредиттердің жылдық өсімі 10,4% болған.
Ұлттық банк тұтынушылық сұраныстың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын атап өтті. Бұл баға өсімін одан әрі баяулатуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Алайда мемлекеттік және квазимемлекеттік бағдарламалар қолдап отырған жоғары инвестициялық белсенділік жиынтық сұранысты ынталандыруды жалғастырып отыр. Егер сұраныс отандық экономиканың өндірістік мүмкіндіктерінен жылдамырақ өссе, инфляциялық қысым күшеюі мүмкін.
Сыртқы факторлар инфляция тәуекелін күшейтеді
Тимур Сүлейменов сыртқы экономикалық жағдайға байланысты тәуекелдердің де күшейгенін айтты.
Таяу Шығыстағы шиеленіс тауар және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықты арттырып, әлемдік инфляциялық қысымды күшейтіп отыр. Сонымен қатар әлемдік азық-түлік бағасы өсуде.
Қыркүйекте БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) азық-түлік бағалары индексі бір айда 1,5%-ға, жылдық мәнде 5,8%-ға артқан. Атап айтқанда, астық, өсімдік майы және қант бағасы көтерілген. Ал ет бағасы біршама төмендеген.
Әлемдегі негізгі орталық банктердің ақша-кредит саясаты да сыртқы жағдайдың маңызды бөлігі болып отыр. Ұлттық банк төрағасының брифингте келтірген мәліметіне сәйкес, Ресейде қыркүйектегі инфляция 6,4%-ды құраған. Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтаған.
Еуропалық одақта инфляция 3,8%-ға дейін жеделдеген. Бұған негізінен энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі әсер еткен. АҚШ-та инфляция 3,7%-ға дейін көтеріліп, баға өсіміне жанармай, әсіресе бензин құнының қымбаттауы ықпал еткен.
Мұнай нарығындағы ахуал да белгісіз күйде қалып отыр. Брифингте Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары қалыптасып отырғаны айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы базалық мөлшерлеме қалай өзгергені хабарланды.