Ұлдана Мырзуанның туыстары Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығаруды талап етеді
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы мен әпкесі оның күйеуі Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығаруды талап етіп отыр. Бұл туралы марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарованың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, марқұмның анасы мен әпкесі Әділет Зейнелді жәбірленуші мәртебесінен айыру туралы мәселені сотта соңына дейін көтеруді сұраған. Алайда бүгінгі сот отырысында бұдан да маңызды мәселе қаралғандықтан, ол бұл өтінішхатты жариялауды жөн көрмеген.
Біз оны жәбірленушілер қатарынан шығаруды талап етеміз. Заң бойынша оның мұндай мәртебеге ие болуға құқығы бар шығар. Алайда моральдық тұрғыдан оны жәбірленуші деп санауға болмайды. Оның өзі бұл мәртебеден бас тартуға үзілді-кесілді қарсы, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Адвокат бұл мәселені алдағы сот отырыстарында да көтеріп, Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығару туралы өтінішхатты қарауды талап ететінін жеткізді.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды.
Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Бүгінгі өтіп жатқан сот отырысында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот отырысында сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат жасады. Ол құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берілген шағымның қаралу нәтижесін сотта зерделеуді сұрады.
Тағы оқи отырыңыз:
Ұлдана Мырзуан ісі: «Бізге біреуді соттау емес, ақиқат маңызды» – адвокат
Ұлдана Мырзуан ісі: Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс прокурорға жолданды