2 Қыркүйек 2026, 18:15 Фото: видеодан скриншот

Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта оқиға болған күннің видеосы көрсетілді

Тәуелсіздік 24B үйінің фасады қалай құлағаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында прокурор Саяжан Серікова қылмыстық істі зерттеу кезінде 2025 жылғы 8 қарашада Тәуелсіздік 24B тұрғын үйінің қаптама фасады құлаған сәтінің бейнежазбасын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотта тергеуші жасаған бейнежазбаларды қарау хаттамасы зерттелді. Жазбалар 2025 жылғы 8 қараша күні сағат 09:00-ден 12:00-ге дейінгі аралықты қамтиды.

Прокурордың айтуынша, бейнежазбада сағат 10:26:43-те ғимараттың қаптама фасадының құлағаны көрінеді. Фасад бөліктерінің құлауынан кейін ауаға қызғылт сары түсті шаң көтерілген. Ал алты секундтан кейін, яғни 10:26:49-да шаң сыртқы бейнебақылау камерасының көрінісін жауып қалған.

10:26:58-де фасадтың тікбұрышты бөлігі оқиға орнына жақын жерде тұрған сұр түсті Chevrolet Cobalt автокөлігіне құлаған.

Ал 10:27:12-де құлау салдарынан көтерілген шаң басылып, жерге түскен. Камерадан металл қоршаудың ар жағында, екі ағаштың жанында ғимарат фасадының құлаған бөліктері көрінген.

Прокурор сот залында бейнежазбаны қосып, онда екі ағаштың арасынан фасадтың ірі фрагменті құлаған сәт те көрінетінін көрсетті.

Бұдан кейін, 10:43:07-де оқиға орнына жедел жәрдем көлігі келген. Ал 10:49:27-де ТЖМ қызметкері көрініп, оқиға орнына қарай жүрген.

Прокурордың айтуынша, осыдан кейін бейнежазба үзіліп, камераның көру аумағына ТЖМ мен полиция қызметкерлері келген. Олар оқиға орнын қоршауға алған.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.

Бүгінгі сот отырысында оқиға болған үйдің тұрғыны куә Марина Самсонова үйдің техникалық жағдайына қатысты тұрғындар бірнеше жылдан бері мәселе көтеріп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазір тұрғындар ғимараттың тағы да құлауы мүмкін екеніне алаңдап отыр.

Ал Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының техникалық бөлім басшысы Ербол Ахметов фельдшер Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өтіп жатқан сот отырысында көппәтерлі тұрғын үйді авариялық деп тану тәртібін түсіндірді.

Тағы оқи отырыңыз: Мырзуан ісі: 2017 жылғы техникалық қорытынды туралы сот басталғанда ғана білдік – Тұрғын үй инспекциясы 

Ұйықтауға жатқанда, таңертең далада оянып қаламыз ба деп алаңдаймыз – елорда тұрғыны