Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта фельдшердің алған ауыр жарақаттары айтылды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Сот отырысында ғимарат қасбетінің қайта құлап, кондиционердің құлауы салдарынан фельдшердің алған жарақаттары туралы айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Прокурор Нұрдәулет Әбуов іс материалдарын зерттеу барысында сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, 2002 жылы туған Ұлдана Мырзуанның өлімі бас сүйек сүйектерінің сынуы, ми қабықтарының астына қан құйылуы және мидың жарақаттануымен қатар жүрген ашық бас-ми жарақаты салдарынан болған.
Жарақат ми затының ісінуі мен домбығуына, дислокациялық синдромның дамуына және ми бағанының қысылуына әкелген.
Медициналық құжаттарға сәйкес, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада сағат 10:10-да қайтыс болған.
Мәйітке сот-медициналық сараптама жүргізу кезінде бірқатар ауыр дене жарақаты анықталған. Олардың қатарында сол жақ төбе аймағындағы жарақаттанған жаралар, екі жақтағы орбиталық гематома, екі көз шарасының медиальды және латеральды қабырғаларының сынуы, сол жақ гаймор қуысының алдыңғы медиальды қабырғасының сынуы бар.
Сонымен қатар екі жақтағы бетсүйек доғаларының сүйек сынықтарының ығысуымен сынғаны, бастың маңдай-төбе-самай аймағындағы жұмсақ тіндерге қан құйылғаны анықталған.
Сараптама кезінде екі жақтағы маңдай-төбе-самай сүйектерінің ортаңғы бассүйек шұңқырына өтетін сызықтық сынуы, оң жақ маңдай-төбе-самай аймағындағы жедел субдуральды гематома және эпидуральды гематома, сол жақ маңдай-самай бөлігіндегі жедел субдуральды қан құйылу, сондай-ақ оң және сол жақ парабитальды тіндерге қан құйылу анықталған.
Бұдан бөлек, ми затының диффузды ісінуі мен домбығуы, дислокациялық синдром, мишық бадамшаларының үлкен шүйде тесігіне кіріп кетуі, ми бағанының қысылуы және қайталама зақымдардың дамуы тіркелген.
Сарапшының қорытындысы бойынша, бұл жарақтар доғал, қатты заттардың әсерінен пайда болған. Олардың медициналық құжаттамада көрсетілген мән-жайлар кезінде қалыптасуы жоққа шығарылмайды, - деді прокурор сотта.
Жарақаттардың жиынтығы өмірге қауіп төндіру белгісі бойынша денсаулыққа ауыр зиян ретінде бағаланып, өліммен тікелей себеп-салдарлық байланыста болған.
Сонымен қатар мәйітке жүргізілген сот-медициналық сараптама барысында ішкі ағзалардан аурулар, гепатит және ауыр іріңді бронхопневмония анықталған. Сараптама қорытындысында бұл жағдайлар бас-ми жарақатының асқынуы екені және науқастың жағдайының ауырлауына әсер етуі мүмкін екені көрсетілген.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.
Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты.
Куәгер Ұлдана Мырзуан жарақат алып, қаза болған үйдің қазіргі жағдайы нашар екенін жеткізді.