Ұлдана Мырзуан ісі: Сот сарапшыны қайта шақырту туралы өтінішті қанағаттандырмады
Қорғаушы тарап Жұбаниязованың хат алмасуын ұсынып, сот-медицина сарапшысын қайта шақыртуды сұрады
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында тараптардың бірқатар өтінішхаты қаралды. Сот қорғаушы тараптың сот-медицина сарапшысын шақырту туралы өтінішін қанағаттандырмады. Ал кейбір құжаттар мен Сәуле Жұбаниязованың хат алмасуын іс материалдарына тіркеу мәселесі әзірге ашық қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокат Алтынбек Таңқыбаевтың өтінішхаттарының бірі, қорғаушы тараптың мәліметінше, 2018 жылы жүргізілген үйді тексеруге қатысты болды. Бұған дейін адвокат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет департаментінің жауабын іс материалдарына қосуды және осы тексеруге байланысты құжаттарды сұратуды өтінген.
Сот әзірге бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.
Мемлекеттік айыптаушы өтінішхатпен де, ұсынылған жауаппен де танысу қажет екенін мәлімдеді. Осыған байланысты сот аталған өтінішхатты сот отырысы аяқталғанға дейін ашық қалдырады, – деді судья Абаева.
Сотталушы Сәуле Жұбаниязова мен үйдің бұрынғы басқарушысы Гүлжауһар Ахметованың хат алмасуын іс материалдарына тіркеу мәселесі де ашық қалды.
Бұған дейін қорғаушы тарап бұл хабарламалар Жұбаниязованың үйді жеке өзі және мамандармен бірге аралап, оның ішінде шатырды да тексергенін растайды деп мәлімдеген.
Сот қорғаушы тарап хат алмасудың түпнұсқасын ұсынғаннан кейін бұл мәселеге қайта оралуға шешім қабылдады.
Сонымен қатар сот қорғаушы тараптың Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қорытынды берген сот-медицина сарапшысын жауап алуға шақырту туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Сарапшы дене жарақаттарының ауырлық дәрежесі мен өлім себебіне қатысты қорытындысын ұсынған. Осыған байланысты сот отырысында сарапшыдан қосымша жауап алуға негіз жоқ, – деп түсіндірді сот.
Ал мемлекеттік айыптаушының сарапшы Қазиевтен жауап алу туралы өтінішхаты қанағаттандырылды. Ол сот отырысына шақырылып, одан жауап алынады.
Бұдан бөлек, сот қорғаушы тараптың қатысуын қамтамасыз еткен маман Лобаевадан жауап алуға кірісті.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.
Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты.
Куәгер Ұлдана Мырзуан жарақат алып, қаза болған үйдің қазіргі жағдайы нашар екенін жеткізді.