Ұлдана Мырзуан ісі: Маман үйдің кірпіші неге құлағанын түсіндірді
Қорғаушы тарап шақырған маман тоғыз қабатты үйді салу кезінде биіктігі бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған конструкциялық шешім қолданылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда қажет болатын қосымша күшейту шаралары жүргізілмеген.
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қорғаушы Сәуле Жұбаниязова тарапы шақырған маманды сұрау жалғасты. Маман Вероника Лобаева сыртқы қабырғалардың іс жүзінде қаланған кірпіші жобалық, үлгілік және нормативтік шешімдерге сәйкес келмегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта қаралған негізгі мәселелердің бірі – құрылыс кезінде қолданылған шешімнің ғимараттың нақты қабат санына сәйкестігі болды.
Маманның сөзінше, жобада қарастырылған D69 түйіні биіктігі бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Ал зерттеліп отырған үй тоғыз қабаттан және техникалық қабаттан тұрады.
D69 түйінін бес қабатқа дейінгі ғимараттарға ғана қолдануға болады. Оны тоғыз қабатты үйге пайдалануға болмайды. Өйткені бұл үлгілік серияда арматураланған белдеулер де, қосымша жүк түсіретін белдеулер де қарастырылмаған, – деп түсіндірді маман сотта.
Оның айтуынша, бұл жайт сот құрылыс-техникалық сараптамасының зерттеу бөлімінде де көрсетілген. Алайда маманның бағалауынша, қорытынды тұжырымдарда негізгі назар құрылыстың басқа ақауларына, атап айтқанда, анкерлік бекітпелер мен арматураланған белдеулердің болмауына, сондай-ақ қалау ерітіндісінің беріктік маркасының төмендігіне аударылған.
Меніңше, сарапшылар қабат санының сәйкес келмеуіне тиісті деңгейде назар аудармаған. Құрылыс салушы тек бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған көпқабатты қалау жүйесінің үлгілік сериясын қолданған. Бұл биіктікте қаптаманың орнықтылығын қамтамасыз ететін инженерлік есептеулер мен конструкциялық күшейту шаралары болмаған, – деді Лобаева.
Маман жылу оқшаулауға қатысты жобалық шешімнің өзгертілуін де сәйкессіздік деп атады. Оның сөзінше, құрылыс кезінде минералды мақта плитасының орнына пенополистирол қолданылған.
Бұдан кейін маман ғимарат қабаттылығының кірпіш қалауының орнықтылығына ықтимал әсеріне тоқталды. Оның бағалауынша, анықталған бірқатар құрылыс кемшілігі биіктігі төмен ғимараттарға есептелген шешімнің тоғыз қабатты үйге қолданылуына байланысты аса қауіпті сипат алған болуы мүмкін.
Бесінші қабат деңгейінде беріктігі төмен ерітіндінің өзі қаптаманы ұстап тұруға жеткілікті болар еді. Бірақ 30 метрден астам биіктікте жел мен деформациялық жүктемелердің әсерінен қаптама сыртқа қарай ығысады. Әсіресе көлденең жүк түсіретін белдеулер болмаған жағдайда қауіп арта түседі, – деп түсіндірді маман.
Ол іс материалдарында мұндай конструкциялық шешімді тоғыз қабатты ғимаратта қолдануды негіздейтін қосымша инженерлік есептеулердің болмағанын да айтты.
Сонымен қатар маман көлденең жүк түсіретін белдеулердің, деформациялық жіктердің және қаптама қабатын ғимараттың көтергіш бөлігіне бекітетін анкерлердің болмағанын мәлімдеді.
Менің ойымша, опырылудың негізгі конструкциялық факторы мен бастапқы себебіне рецензия жасалған сараптамада тиісті сараптамалық мән берілмеген, – деді маман.
Осылайша, қорғаушы тараптың маманы опырылу себептерін бағалау кезінде құрылыс жұмыстарының сапасымен қатар, бастапқыда таңдалған конструкциялық шешімнің ғимарат биіктігіне сәйкестігін де ескеру қажет деп санайды.
Маман Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйдің кірпіш қалауынан бірқатар ақау тапқанын айтты
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қорғаушы тарап шақырған маманды сұрау басталды. Ол сот құрылыс-техникалық сараптамасына жасаған рецензиясын таныстырып, ғимарат конструкцияларынан анықталған кемшіліктер туралы айтты.
Маман Вероника Лобаеваның түсіндіруінше, ол қорытынды-рецензияны қорғаушы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Асхат Әлімовтің сұрауы негізінде дайындаған. Маманның алдына он сұрақ қойылған.
Зерттеу жүргізу үшін оған 2017 жылы дайындалған техникалық қорытынды мен сот құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысы ұсынылған.
Маған екі қорытынды берілді: біріншісі – 2017 жылы дайындалған техникалық қорытынды, екіншісі – қылмыстық іс аясында жүргізілген сот құрылыс-техникалық сараптамасы. Мен осы сараптамаға рецензия жасадым, – деп түсіндірді ол.
Маман өзіне берілген материалдарда кейбір архивтік және жобалық деректердің, соның ішінде іргетастың құрылысына қатысты мәліметтердің болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, 2017 жылғы техникалық зерттеуден мамандарға жобалау-сметалық құжаттаманың толық жинағы берілмегенін де аңғаруға болады.
Сұрау барысында негізгі назар ғимараттың сыртқы қабырғалары мен кірпіш қалау сапасына аударылды.
Қорғаушы тараптың сұрағына жауап берген маман сот сараптамасының материалдарында кірпіш қалаудың іс жүзіндегі орындалуы қолда бар жобалық құжаттама мен нормативтік талаптарға айтарлықтай сәйкес келмейтіні тіркелгенін айтты.
Талдау және нысанда жүргізілген аспаптық бақылау барысында сарапшылар кірпіш қалаудың іс жүзіндегі орындалуы өздерінде болған бастапқы жобалық құжаттамаға және нормативтік талаптарға айтарлықтай сәйкес келмейтінін анықтаған, – деді маман.
Ол анықталған кемшіліктердің қатарында ғимараттың кеңістіктік қаттылығына ықпал етуі мүмкін ақауларды, сондай-ақ қалау ерітіндісінің беріктік сипаттамаларын атады.
Маман 2026 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне де жеке тоқталды.
Вероника Лобаеваның сөзінше, зертханалық зерттеу үшін қалау үлгілерін алу кезінде материал үгітіліп, бұзылған.
Олар қажетті зертханалық зерттеулерді жүргізе алмаған. Өйткені үлгі алу кезінде қалау материалы бұзылып кеткен. Кейін ерітіндінің нақты маркасы М25 екені анықталған. М25 ғимараттың көтергіш конструкцияларына қолданылмайды. Бұл – беріктік қоры жоқ, өте әлсіз ерітінді, – деді ол.
Маманды сұрау жалғасып жатыр. Ол сотта қорғаушы тарап дайындаған рецензия аясындағы қалған сұрақтарға жауап береді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сот сарапшыны қайта шақырту туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.
Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты.
Куәгер Ұлдана Мырзуан жарақат алып, қаза болған үйдің қазіргі жағдайы нашар екенін жеткізді.