1 Қазан 2026, 16:39 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ұлдана Мырзуан ісі: «Бізге біреуді соттау емес, ақиқат маңызды» – адвокат


Астана қаласында фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарованың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков қылмыстық істі прокурорға қайтарып, бұрын қысқартылған екі істі біріктіруді сұрағанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Адвокаттың айтуынша, қорғаушы тарап үшін бастысы – нақты кінәлілерді анықтап, істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеу. Оның пікірінше, болған оқиғаға байланысты тек бір адам ғана жауапқа тартылып, үйді салған компания мен оны қабылдауға қатысқан тұлғалар жауапкершіліктен тыс қалмауы керек.

Біз бүгін соңғы сөз алдында өтінішхат бердік. Жарыссөз алдында мен де, марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы да біз үшін ақиқат маңызды екенін айттық. Яғни біреуді соттау үшін соттай салу емес, бізге ақиқат керек. Жұбаниязованың да өз жауапкершілігі бар. Егер сот оны кінәлі деп таныса, ол жауап береді. Бірақ барлығымыз арнайы сараптамалар мен құжаттарды көрдік. Онда үйді салғандар да, оны қабылдап алғандар да жауапкершіліктен жалтармауы керек, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.

Оның сөзінше, сот жарыссөзі басталған күні қорғаушы тарап бұған дейін жеке өндіріске бөлінген және қысқартылған іс туралы ақпарат алған. Осыған байланысты олар тиісті шешімнің нәтижесін күтуді жөн көрген. Алайда бүгін жаңа ақпаратты естіген соң, істі біріктіру туралы өтінішхат беруге шешім қабылдаған.

Адвокаттың айтуынша, үйді салған компанияның басшысы қайтыс болғанымен, заңды тұлға ретінде компания әлі де жұмыс істеп тұр. Сондықтан оның өкілдері мен үйді қабылдауға қатысқан әкімдік өкілдері де өз әрекеттеріне қатысты түсініктеме беруге тиіс деп санайды.

2025 жылғы 9 қарашадан бері осы істің басы-қасында жүрмін. Істің қысқартылғаны туралы ақпаратты сот басталған кезде ғана білдік. Яғни істердің жеке-жеке бөлінгенін де сол кезде түсіндік. Сот процесі барысында үйдің қандай жағдайда болғанын көріп, сараптама қорытындыларымен таныстық. Біз әділ шешім шығарылуы керек деп есептейміз. Үйді салған адамдар да жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек. Тек бір адам ғана кінәлі болмауы тиіс, – деді адвокат.

Сонымен қатар ол қорғаушы тараптың Сәуле Жұбаниязованың кінәлі немесе кінәсіз екені туралы алдын ала тұжырым жасамайтынын атап өтті. Бұл мәселені сот шешуі керек екенін айтты.

Біз Жұбаниязова кінәлі немесе кінәлі емес деп отырған жоқпыз. Оны сот шешеді. Бірақ адамдар ақиқатты білуі керек деп санаймыз, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды.

Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Бүгінгі өтіп жатқан сот отырысында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот отырысында сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат жасады. Ол құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берілген шағымның қаралу нәтижесін сотта зерделеуді сұрады.

Тағы оқи отырыңыз: Ұлдана Мырзуан ісі: Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс прокурорға жолданды