3 Қыркүйек 2026, 17:25 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ұлдана Мырзуан ісі: Айыпталушының сотта жауап беретін күні белгіленді

Жұбаниязовадан жауап алу 9 қыркүйекке қалдырылды.

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязовадан жауап алу кейінге қалдырылды. Сот залында Жұбаниязова жылап, денсаулығына байланысты бүгін жауап бере алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот қылмыстық іс материалдары толық зерттелгеннен кейін айыпталушыдан жауап алуға кірісетінін хабарлады. Оған айыптау бойынша және істің өзге де мән-жайларына қатысты жауап беру немесе жауап беруден бас тарту құқығы түсіндірілді. Сондай-ақ сот оның айтқандары өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін екенін ескертті.

Алайда Жұбаниязова өзін нашар сезініп тұрғанын айтып, бүгін жауап беруге дайын емес екенін мәлімдеді.

Сот одан медициналық ұйымдарға жүгінген-жүгінбегенін сұрады. Айыпталушы медициналық көмекке жүгінгенін айтты. Алайда оның денсаулығына қатысты медициналық құжаттар сотқа ұсынылмаған.

Сот Жұбаниязовадан сот ғимаратында жедел жәрдем шақыру қажет пе екенін де сұрады. Айыпталушы жедел медициналық көмек шақырудан бас тартты.

Осыған байланысты қорғау тарапы айыпталушының жағдайын ескеріп, оның жауап алуын кейінге қалдыруды сұрады.

Құрметті сот, айыпталушының өзін нашар сезінуіне байланысты оның жауап алуын кейінге қалдыруды сұраймыз. Оның бұл мәселе бойынша сотқа өзі де жүгінгенін ескерсек, қазір оның жауап беруге дайын еместігін көріп отырмыз, – деді қорғау тарапы.

Тараптардың пікірін тыңдаған сот отырысты келесі аптаға, яғни 2026 жылғы 9 қыркүйекке қалдырды.

Сот Жұбаниязованы осы күнге жауап беруге дайын болуын тапсырды. Сонымен қатар қорғау тарапы 2026 жылғы 28 тамыздағы сарапшы қорытындысының түпнұсқасын сотқа ұсынуы қажет.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Сондай-ақ, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында куәгер альпинист Станислав Тимуш жауап берді.

Сотта тұрғын фельдшердің неден жарақат алғанын айтты.

Куәгер Ұлдана Мырзуан жарақат алып, қаза болған үйдің қазіргі жағдайы нашар екенін жеткізді