Уланған алты жұмысшының өлімі: Жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды
Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС кәсіпорында алты жұмысшының қаза табуына әкеп соққан топтық жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу аяқталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, үкіметтік комиссия жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп белгіледі.
Қайғылы оқиға 20 шілдеде Ақтоғай ауданында болған. Тексеру анықтағандай, жұмысшылардың бірі кәріз құдығына түсіп, күкіртсутектен уланған. Қалған жұмысшылар оған көмектеспек болып, артынан кезекпен түскен.
Нәтижесінде бір-бірін құтқаруға тырысқан алты адам күкіртсутек әсерінен қаза тапты.
Тексеру қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтады. Комиссия мәліметінше, қызметкерлер қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау үшін қажетті оқудан өтпеген және қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген.
Сонымен қатар кәсіпорында кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмаған. Атап айтқанда, бұзушылықтар авариялық жағдай туындаған кездегі әрекет ету тәртібі мен құтқару жұмыстарын жүргізу мәселелерін қамтыды.
Үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «Aqtogai Milk» ЖШС жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз мөлшерінде белгіленді.
Сондай-ақ жауапты лауазымды тұлғалар анықталып, анықталған бұзушылықтарды жою және осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірленді.
Қылмыстық іс туралы не белгілі?
Бұған дейін полиция жұмысшылардың өліміне қатысты үш күдіктінің ұсталғанын хабарлаған болатын. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайларын анықтап жатыр.
«AQTOGAI MILK» ЖШС иесі – Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев. Қайғылы оқиғадан кейін ол қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген еді.
Еңбек министрлігі тексеру аяқталғаннан кейін жұмыс берушілерді құдықтардағы, резервуарлардағы және басқа да жабық кеңістіктердегі жұмыстардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды. Қызметкерлер қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі, қажетті оқудан өтуі және авариялар кезіндегі әрі құтқару жұмыстарын жүргізу тәртібін білуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында кәріз құдығында 6 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түскені хабарланды.
Содан кейін әкім қаза болғандардың отбасыларымен кездесті.