Үкіметте Теңіз бен Қашағандағы ахуал талқыланды
Олжас Бектенов ExxonMobil вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сынды бірлескен жобаларына қатысты бірқатар мәселе талқыланды.
Премьер-министр Теңіз жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді. Қысқа мерзімде апат салдарын жедел жою және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау бойынша жеделдетілген жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды талқылады. Олар маңызды инфрақұрылымдық нысанның тұрақты жұмыс істеуіне ортақ қызығушылық танытты.
Сонымен қатар кездесу барысында көмірсутек кен орындарын игеру тиімділігін одан әрі арттыру шаралары қаралды. Геологиялық барлауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне жауап береді.
Кездесуге қатысушылар осы жылға арналған өндірістік жоспарларға да назар аударды.
2025 жылы Келешекте кеңейту жобасының аяқталуына байланысты Теңіз кенішінде мұнай өндіру 39 млн тоннадан астам, Қашағанда – 18 млн-нан астам тоннаны құрады. Каспий құбыр консорциумы арқылы энергия ресурстарын жөнелтудің жалпы көлемі 70,5 млн тоннаны құрады, оның ішінде қазақстандық мұнай – 63,8 млн тонна.
Еске салсақ, бұған дейін Теңізде ГТЭС-4 нысанында трансформатор өртенген еді.