Келесі жылы Үкімет 17 заң жобасын әзірлейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Олардың ішінде 9 заң жобасы І жартыжылдықта, 8 заң жобасы ІІ жартыжылдықта әзірленбек.
Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, әзірленетін заң жобалары әртүрлі саланы одан әрі дамытуға бағытталған. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, әскери қызмет және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынасы сияқты мәселелер.
Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар-жобасына келсек, Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі. Жоспар жобасы мемлекет басшылығының тапсырмалары және стратегиялық құжаттамалық міндеттер негізінде әзірленді. Жоспар жобасы келесі жылы 17 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Әзірленетін заң жобалары әртүрлі салаларды одан әрі дамытуға бағытталған. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, әскери қызмет және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынасы сияқты мәселелер. Алдағы жылы ерекше тауарларды бақылау, өсімдіктер және ардагерлер туралы жаңа жекелеген заң жобаларын әзірлеу көзделіп отыр. Жоспар жобасында мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын, сондай-ақ президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобасы да көзделген. Олар: мемлекеттік сатып алу, дене шынықтыру және спорт, аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша заң жобалар. Мысалы, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу сатып алу рәсімдерін оңайлату және өткізу рәсімдерін артық реттеуді жою нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды тиімді өткізуге ықпал ететін болады, - деді Марат Бекетаев.
Бұл ретте екі министрлік 3 заң жобасын әзірлесе, бес министрлік 2 және Қорғаныс министрлігі 1 заң жобасын әзірлейді.
Әзірленетін заң жобалардың ең көбі - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі. Әрқайсысы 3 заң жобасынан әзірлейді. Қаржы, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Геология және табиғи ресурстар министрліктері 2 заң жобасын, Қорғаныс министрлігі бір заң жобасын әзірлейтін болады, - деді министр.
Марат Бекетаев ұсынған заң әзірлеу жоба жоспарын қолдауды ұсынды.
Заң жобалардың Парламентке ұсыну мерзімдері біркелкі жағына қарай қайта қаралды. Осылайша, жоспар жобасында көзделген 17 заң жобалардың ішінен Парламентке 2020 жылдың І жартыжылдығында сегіз, ал ІІ жартыжылдықта тоғыз заң жобасын енгізу жоспарлануда. Жоспар жобасы барлық мемлекеттік органмен және Президент әкімшілігімен келісілген. Қолдауларыңызды сұраймын, - деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін әділет министрі елімізде биыл жоспарланған заң жобасының жартысы Парламентке мерзімінен кеш ұсынылғанын баяндаған болатын.
Сонымен қатар, Бекетаев заң жобасының мерзімін бұзбауға жауапкершілікті арттырудың жолын айтты.