14 Қазан 2026, 12:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Үкімет өңірлердегі азаматтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды

Қазақстанның өңірлерін қолдауға жыл сайын республикалық бюджеттен 7,4 трлн теңге бағытталады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 24,8%-ын, яғни шамамен төрттен бірін құрайды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Құрылтайдың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, өңірлерге бөлінетін қаражат ең алдымен халыққа қажетті әлеуметтік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Негізгі мақсат – азаматтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Келесі негізгі бағыт – өңірлерді қолдау. Бұл бағытқа жыл сайын бюджеттің төрттен бір бөлігі, немесе 7,4 трлн теңге (24,8%) бағытталады. Өңірлерге бөлінетін барлық қаражат – ең алдымен халыққа арналады. Бұл әлеуметтік-коммуналдық инфрақұрылым, – деді Мәди Такиев.

Сонымен қатар өңірлерді қолдау тек республикалық бюджеттен берілетін трансферттермен шектелмейді. Министр жергілікті бюджеттердің өз кірістерін қалыптастыру мүмкіндігі де кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, 2020-2025 жылдары жергілікті бюджеттерге жалпы сомасы 7,2 трлн теңге болатын салықтар мен төлемдердің алты түрі берілген.

Ал 2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге төлемдердің тағы алты түрін беру қарастырылған. Бұл жергілікті бюджеттердің кірістерін шамамен 100 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жалпы сипаттағы трансферттер 12 базалық бағыт бойынша өңірлік стандарттар жүйесімен байланыстырылған.

Осылайша, Үкімет халыққа қажетті инфрақұрылымды дамытуға қаражат бағыттап, өңірлерге жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешу үшін қосымша қаржылық мүмкіндіктер беріп отыр, – деді министр.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов жәрдемақыға қатысты ойын айтты. Оның сөзінше, тұрмысы жақсы адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек. 

Тағы оқи отырыңыз: Отбасының табысы ғана емес, шығыны да есептеледі: Жәрдемақы кімге беріледі?