20 Қараша 2026, 14:50 Фото: Ақорда

Үкімет міндетті түрде назарға алуы керек – Президент Ауыл шаруашылғы саласындағы мәселелерге назар аударды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауыл шаруашылғы саласындағы мәселелерге назар аударды.

«Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе», - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылған. 

«Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды. Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтағанын айтты.