29 Қазан 2026, 11:23 Фото: gov.kz

Үкімет: Әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі кезең-кезеңімен енгізіледі

Жаңа тәртіп 2027 жылғы қаңтардан бастап пилоттық режимде енгізіліп, алдымен табысы жоғары және ауқатты азаматтарды қамтиды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі қашан енгізілетінін және өзгерістер алдымен кімдерге қатысты болатынын айтты, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің мәліметінше, мұқтаждық қағидатын 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен енгізу тетіктерін жетілдіру жұмыстары биыл қарашада аяқталады.

2026 жылғы желтоқсанда Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің жүйелерімен интеграциялау қамтамасыз етіледі. Реформаның мақсаты мен оны енгізу тәртібі туралы халық арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай тәртіппен: табыс деңгейі жоғары азаматтарға қатысты: қаңтар-ақпан айларында, ал ауқатты азаматтарға қатысты ақпан-сәуір айларында іске асыру ұсынылады, – деді Асқарбек Ертаев.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізіледі. Оның қорытындысы бойынша өзгерістердің тиімділігі бағаланып, оларды одан әрі енгізу жөнінде шешім қабылданады.

Тағы оқи отырыңыз: Мемлекеттік көмек шынымен мұқтаждарға берілуге тиіс – Президент