ҰБТ-2026: Талапкерлер ең көп таңдаған пәндер қандай?
Инженерлік бағытқа сұраныс биыл да жоғары болды.
Биылғы ҰБТ-да талапкерлер ең көп таңдаған бейіндік пәндер белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясын атады.
Оның айтуынша, биыл да «Математика-Физика» комбинациясы көш бастады. Оны талапкерлердің 18,2 пайызы таңдаған.
Екінші орында 14,4 пайыз көрсеткішпен «Биология-Химия» комбинациясы тұр. Ал шығармашылық мамандықтарға түсетін талапкерлерге арналған комбинация 12,4 пайызбен үшінші орынға шықты, – деді Гүлжан Жарасова.
Ол инженерлік бағыттарға қызығушылықтың артуы кадр даярлау саласындағы мемлекеттік саясатпен байланысты екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары мемлекеттік білім беру гранттарының басым бөлігі инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлініп келеді. Сонымен қатар бұл бағыт білім беру бағдарламаларының кең таңдауын ұсынады және талапкерлердің білім грантын иелену мүмкіндігін едәуір арттырады, – деді ведомство өкілі.
Еске салайық, бұған дейін ҰБТ-дан кейін талапкерлер неге көп шағымданғаны туралы жаздық.