Бүгiн 2026, 16:09 Фото: gov.kz

ҰБТ-2026 қалай өтіп жатыр?

Биыл ҰБТ-ға 240 мыңға жуық талапкер қатысып жатыр. Алғашқы екі аптаның қорытындысы бойынша орташа балл өсіп, бірнеше түлек максималды 140 балл жинады.

Қазақстанда 10 мамырдан бастап негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биылғы ҰБТ-ға 240 мыңға жуық талапкер қатысып жатыр. BAQ.KZ ҰБТ-2026 қалай өтіп жатқанына шолу жасады.

Ұлттық тестілеу орталығы тест форматын өзгертпей, бұрынғы құрылымды сақтап қалды. Талапкерлер 120 сұраққа жауап беріп, ең көп дегенде 140 балл жинай алады. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.

ҰБТ форматы өзгерген жоқ

2026 жылғы тестілеуде талапкерлер дәстүрлі түрде үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша емтихан тапсырады. Барлығы 120 тапсырма ұсынылады. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» – 20 сұрақ, «Оқу сауаттылығынан» – 10 сұрақ, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 сұрақ және екі бейіндік пәннен жалпы 80 сұрақ беріледі.

Тест тапсырмаларын орындауға 4 сағат уақыт бөлінген. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут қарастырылған. Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесін пайдалануға мүмкіндік берілген.

Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушылар дұрыс және қате жауаптар туралы ақпаратпен қатар, нәтижелердің толық талдауын алады. Бүгінгі таңда тестілеуден 80 мыңнан астам адам өтті, - деді Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Өтініш саны рекордтық деңгейге жетті

Биыл ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Мемлекет ұсынған екі мүмкіндікті есептегенде өтініштердің жалпы саны 446 мыңнан асты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 399 мың өтінішті құраған еді.

Талапкерлердің 74 пайызы тесті қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде тапсыруды таңдаған. Сонымен қатар 851 адам ағылшын тілінде емтихан тапсыруға ниет білдірген.

Емтихан республика бойынша 45 тестілеу орталығында өткізіліп жатыр.

Орташа балл өсіп келеді

ҰБТ басталғалы бері республика бойынша 92 мыңнан астам тестілеу әрекеті тіркелді.

Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша орташа балл 58 болса, екінші аптада бұл көрсеткіш 63 балға дейін көтерілген. Сонымен қатар шекті балл жинаған талапкерлердің үлесі 57 пайыздан 65 пайызға дейін өсті.

140 балл жинаған түлектер ел назарын аударды

Биылғы тестілеудің басты жаңалықтарының бірі – максималды 140 балл жинаған түлектердің пайда болуы.

Қызылорда қаласындағы №127 мектеп-лицейдің оқушысы Алтынсары Кәусар «Дүниежүзі тарихы – Ағылшын тілі» пәндер комбинациясы бойынша барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, ең жоғары нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлегі Қанат Нұрғанат та 140 балл жинады.

Түркістан қаласында бір сыныпта оқитын Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасұр Нышанбаев та максималды нәтижеге қол жеткізіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар 26 мамыр күні Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ресми тіркелген 140 балды павлодарлық оқушы Әсет Альтаир алғанын айтып, тікелей эфирде сүйінші сұраған болатын.

Тағы оқи отырыңыз: ҰБТ нәтижелері қайта тексеріле ме? Министр жоғары балл жинаған талапкерлер туралы айтты 

Ереже бұзғандарға қатаң шара қолданылуда

ҰБТ кезінде қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Тестілеу орталықтарында металл іздегіштер, байланыс сигналдарын тұншықтыратын құрылғылар және бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді.

Екі аптаның қорытындысы бойынша 178 ереже бұзушылық тіркелген.

Тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 103 талапкер тестілеуге жіберілмесе, аудитория ішінде тәртіп бұзған 75 адамның нәтижесі жойылған. Бөгде адамның орнына тест тапсыру фактілері анықталмаған.

Бейнежазбалар қазанға дейін тексеріледі

ҰБТ аяқталғаннан кейін де бақылау жалғасады. Барлық бейнежазба 31 қазанға дейін қайта тексеріледі. Егер осы кезеңде ереже бұзушылық анықталса, талапкердің нәтижесі мен білім грантының күші жойылуы мүмкін.

Шекті балл өзгеріссіз қалды

Биыл да жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті балл сақталды.

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкер кемінде 65 балл жинауы тиіс. Басқа жоғары оқу орындары үшін бұл көрсеткіш – 50 балл.

«Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, ал «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша 70 балл жинау қажет.

Биыл қанша білім гранты бөлінеді?

ҰБТ аяқталғаннан кейін талапкерлер үшін ең маңызды кезеңнің бірі – мемлекеттік білім гранттарына конкурс. Биыл жоғары білімді мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылдардағы деңгейде сақталды.

2026–2027 оқу жылына барлығы 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде:

  • 75 371 грант – бакалавриат бағдарламаларына;
  • 11 007 грант – магистратураға;
  • 3 079 грант – докторантураға арналған.

Білім гранттарын бөлу кезінде ел экономикасының ұзақмерзімді қажеттілігі ескерілген. Мамандардың болжамды сұранысына сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанға 883 мыңнан астам білікті кадр қажет болады.

Олардың ішінде:

  • шамамен 530 мың маман – инженерлік-техникалық салаға;
  • 185 мыңнан астам маман – білім беру саласына;
  • 168 мыңға жуық маман – басқа бағыттарға қажет.

Осыған байланысты мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілді.

Биыл бөлінген гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталса, 21 пайызы педагог кадрларды даярлауға арналған.

Белгілі болғандай, қазақстандықтар енді ҰБТ сертификатымен шетелдік университеттерге түсе алады. Жаңа мүмкіндік қазақстандық түлектерге Малайзия университеттеріне дайындық бағдарламасынсыз түсуге жол ашады.

Аида Шакибекова