ҰБТ-2021: «Жалған» 18 адам, 750 тыйым салынған зат, 1300 ереже бұзған түлек анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а. Наужан Дидарбекова биылғы ҰБТ-да қанша адам ереже бұзғанын айтып берді.
Тестілеуге кіргізу 3 кезеңдік тексерістен тұрды. Алғашқысы Face ID жүйесі арқылы тұлғаны сәйкестендіру. Екіншісі тестіленушінің жеке құжаты арқылы тексеру және тестіленуші өз орнына келіп отырған кезде оның тұлғасын қайта растау, - деді ол.
Айтуынша, тестілеу барысында бөгде тұлғаларды кіргізу жағдайлары болған. Былтыр 7 жағдай болса, биыл 18-ге жетті.
Face ID жүйесі барлық құқық бұзушылықты анықтауға септігін тигізді. Енді осыған байланысты тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 9 «жалған» тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде елордалық 4 оқушы өзінің орнына 4 ЖОО студентін кіргізуге әрекет жасаған болатын. Бұл факті бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары өз жұмыстарын атқарып жатыр, - деп түсіндірді ҰТО директоры.
Сонымен қатар тестілеу барысында тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті бойынша 756 түлек ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. 2020 жылы бұл сан 1 296-ны құраған болатын.
Одан бөлек, ережені бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 1 305 адам шығарылды. Олардың да тест нәтижелері жойылды.
Былтырмен салыстырғанда тыйым салынған заттардың саны 3 есеге, яғни 2 363-тен 749-ға дейін азайған. Бейнежазбаларды талдау 25 тамызға дейін жүргізіледі. Былтыр 1 216 тестіленушінің нәтижесі жойылып, 100-ден аса түлек грантынан айырылды, - деп айтты ол.Бұған дейін Наужан Дидарбекова биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 88 мыңнан аса түлек шекті балды жинағанын айтты.