Уахаббиттер өздерін салафитпіз дейді – теолог

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда елімізде өз идеологиясын кеңінен таратып жүрген жат дін ағымы өкілдері өздерін "уахаббит" деп атаудан бас тартып жатыр. Олар өздерін салафитпіз деп атайды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының бас теологы Ернұр Қанапиянов сұхбаттасу барысында айтты.

- Сұхбатымыздың алғашқы сұрағын Шығыс Қазақстан облысындағы қазіргі діни ахуалдан бастасақ. Қазір өңірде діни жағдай қалай?

- Шығыс Қазақстан облысы бойынша діни ахуал тұрақты деп айтуға толықтай негіз бар. Қазіргі таңда облысымызда 12 діни конфессия тіркелген. Облыстағы жалпы діни бірлестіктердің саны – 314, оның 208-і ҚМДБ-ға тиесілі мешіттер, проваславтық шіркеулер саны – 40. Қазақстан Республикасының Заң талаптарына сай діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңнамасына негізделіп, қазір толықтай жұмыстар жалғасын табуда. Сонымен қатар, ҚР Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының 2017-2020 жылдарға арналған ережелері және діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға байланысты кешенді түрде алдын алу, оңалту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан облысымыздағы діни ахуал тұрақты, бір деңгейде деп айтсақ болады.

- Облыста дәстүрлі емес діни ағым идеяларының таралуына қарсы атқарылып жатқан қандай шаралар бар? Нақты мысалдар келтірсеңіз?

- Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалпы дәстүрлі емес діни ағымдарымен үш түрлі бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Біріншісі, ақпараттық түсіндіру. Екіншісі, теологиялық нүктені оңалту жұмыстары. Үшіншісі, әлеуметтік желілерде мониторинг жасау.

Ақпараттық түсіндіру жұмыстары бойынша Дін мәселесін зерттеу орталығының мамандары облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында, ірі және шағын кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жердегі негізгі мақсат – дәстүрлі емес, елімізге жат ағымдардың аттарын атап, түстерін түстеп, қателіктерін айқын көрсетіп, бұқара халықтың ол жолға түсіп кетпеуінің алдын алу.

Екінші бағыт – теологтардың оңалту жұмысы. Ол жерде жат діни ағымның жетегінде кеткен нақты азаматтармен жұмыс істеледі. Бұл жерде психологтар және теолог мамандар тартылады. Мысалы, кейбір отбасыларда ата-анасы немесе баласы жат ағымның жетегінде кетіп жатады. Мұндай кезде олардың жақындары бізге хабарласып жатады немесе мамандардың өзі оларды тауып жатса, бірден теологтарға хабарлайды. Осыдан кейін теолог мамандар кешенді оңалту жұмыстарын жүргізеді. Алғаш бір-екі рет кездескенде олар өз райларынан қайтып, қателіктерін мойындай қоймайды. Сондықтан теологиялық оңалту жұмысы өте күрделі әрі ұзақ жүретін процесс. Бұл жұмыста нақты білікті әрі тәжірибесі бар мамандар тартылады. Бір адамның ұстанған сенімін қате деп, одан бас тартқызып, дәстүрлі бағытқа қайтару үлкен жұмысты қажет етеді.

Әлеуметтік желілердегі мониторинг жұмысында тыйым салынған, яғни жат діни ағым өкілдерінің уағыздарын тарататындар және олардың уағыздарын тыңдап жүрген жас буынға мониторинг жасалады. Кейін олардың кім екенін білгеннен соң біздің мамандар ескерту жұмыстарын жасайды, ресми сайттарды, дұрыс уағызшыларды тыңдауға кеңес береді.

- Былтыр "Жусан" операциясымен Сирия мен Ирактан қандастарымыз жеткізілген еді. Олардың ішінде ШҚО тұрғындары бар ма? Егер бар болса, оларды оңалту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- "Жусан" операциясымен Шығыс Қазақстан облысының бір тұрғыны, яғни үш баласымен әйел адам жеткізілді. Қазір ол ата-енесінің қолында тұрып жатыр. Сол операциямен келген басқа облыстың тағы бір әйелі ШҚО тұрғынымен тұрмыс құрып, қазір Өскеменде тұрып жатыр. Одан бөлек түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 5 азамат бар. Оның үшеуі ер адам болса, екеуі – әйел. Бұның барлығы "Жусан" операциясымен елге оралғандар. Бас бостандығынан айырылған адамдармен біздің теолог мамандарымыз оңалту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп жатыр. Осындай жұмыстың нәтижесінде олардың ойы 100 пайыз болмаса да өзгерді, өзінің бұрынғы жасаған қателіктерін мойындап, елімізге деген көзқарастары өзгерді. Жат ағымның идеологиясымен өз елін тастап, соғысқа кеткен жандардың ойын 1-2 жылда өзгерту мүмкін емес. Сондықтан біздің теолог мамандар олармен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Ал бостандықтағы азаматтарға әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіліп, бала-шағаларының мектепке орналастыру жағынан қолдау жасалып жатыр. Осындай қолдаулардың арқасында бір әйел Дін мәселесін зерттеу орталығы әзірлеген бейнероликке өз еркімен келіп түсті.

- Теріс діни ағым дегенде бірден еске уахабшылар келетіні белгілі. Жалпы бұлардың ұстанымы қандай?

- Қазіргі таңда елімізде өз идеологиясын кеңінен таратып жүрген жат діни ағым өкілдері өздерін "уахаббит" деп атаудан бас тартып жатыр. Олар өздерін уахаббит деп атамайды. Алдымен "уахаббизм" сөзінің төркініне үңілсек, ол ХVIII ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдул-Уәһһабтың есімімен негізделген. Ол Ислам әлеміне жаңа бір идеологияны енгізген тұлға. Бұл кісі идеологиясын өзінен бұрын өмір сүрген Ибн Таймияның еңбектеріне негіздеген. Дегенмен сол ағымның өкілдері өздерін уахаббит деп атамайды, себебі бүгінгі қоғам уахаббизм сөзін естіген кезде қару асынған мұсылмандардың образын көз алдына елестетеді. Сондықтан олар уахаббизм сөзін алыс ұстауға, өз жақтастарын, сол идеологиямен жүрген азаматтарды сәләфит деп атауға басымдық береді. Өйткені бұған дейін өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдул-Уәһһабтың идеологиясын ұстанған азаматтар Исламға қаттылықпен, мұсылмандардың қанын төгумен тарихта аттары танылған. Сондықтан сол ағымда жүргендер ол атаумен жүрсе, қоғам оларға сенімсіздік танытады. Сол себепті қазір олар өз атауын өзгертіп, "Біз сәләфитпіз, Исламды барынша таза ұстауға тырысатын жас буынбыз" деп өздерін әлемге сондай қырынан таныстырып жатыр.

Негізінде адамдар өзінің ұстанған бағытынан, мәзхабынан бас тартпайды. Яғни сол мәзхабпен аталса, онда тұрған ешқандай ағаттық жоқ. Мысалы, төрт мәзхабтың бірімен жүрген мұсылмандарды Мәлики, Ханафи немесе Шафии мазхабтарымен атап жатады. Оған ешкім ренжімейді, өйткені ұстанған бағыты дұрыс. Ал Сәләфиттік бағытта жүрген азаматтар өздерін "сәләфитпіз" дейді, біз оларды уахаббист дейміз. Олар сәләфит деген сөзге жақын болады да, уахаббизм деген сөзден бойларын алыс ұстауға тырысады.

- Теріс діни жолға көбінде кімдер кетіп қалып жатады, сипаттап бере аласыздар ма? Жасы, қызметі, білімі бойынша.

- Жат діни ағымдар идеологиясының негізгі құрбандары – жастар. 18-35 жас аралығындағы азаматтарымыз деп айтсақ болады. Олардың білімдері де әртүрлі, орта, кәсіптік немесе жоғары оқу орындарын бітіргендер де жетерлік. Қызметтеріне келер болсақ, ол да алуан түрлі, бірі мемлекеттік қызметте, университет те, мектепте сабақ беретіндер де кездеседі. Сондай-ақ, әскери қызметте, құқыққорғау органдарында жұмыс істейтіндер де бар. Өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар да кездеседі. Сондықтан нақты бір салада жұмыс істейтін адамдар кетіп жатыр деп айтуға келмейді.

- Жат ағымның жетегінде кеткендердің туыстары сіздерден көмек сұрап келе ме? Ондай жағдайда қандай шара қолданасыздар?

- Радикал діни ағымның жетегінде кеткендердің туыстары, жақындары біздің орталыққа хабарласады немесе көмек сұрап тікелей келеді. Мұндай жағдайда ең бірінші туыстарын сабырлыққа шақырып, психологиялық тұрғыда көмек береміз. Олардың бәрі адасып жүрген жақындарының 1-2 күнде дұрыс жолға түсуін қалайды. Біз ол үшін уақыт керек екенін, бұл бірден орындалмайтынын түсіндіреміз. Мәселен, ата-ана келер болса, одан баласы нені жақсы көретінін, қай жерде оқығанын, қайда жұмыс істейтінін білгеннен кейін біздің психолог, теолог мамандар сол азаматпен жұмыс істей бастайды. Жұмыс істемес бұрын, алдымен олардың бізге сенім артқанын қалаймыз. Сондықтан бірден барып, сіздердікі дұрыс емес, жат ағымда жүрсіздер деп дүрсе қоймай, алдымен танысуға, ниетіміздің негізгі мақсаты қандай екенін алғашында көрсетуге тырысамыз. Содан кейін барып теологиялық оңалту жұмыстары жүргізіле бастайды. Жұмыс барысында қаншама ата-ана келді, олар баласының жат ағымға кетіп қалғанына сенгісі келмей, қайта-қайта сұрап, уайымға батып, жылап жатады. Кейін баласын бері қаратып, өзіміздің дәстүрлі дінге оралтып, ата-анасына бұрынғыдай көзқараспен қаратқан кезде туыстарының қуанышын айтып жеткізу қиын. Бұның бәрі біздің атқарып жатқан жұмыстың бекер емес, нәтижесі бар екенін көрсетеді.

- Жалпы азаматтарымыздың жат діни ағымның жетегінде кетуіне не түрткі болып отыр?

- Дәстүрлі діни бағытта жүрген азаматтармен салыстырғанда жат ағымда жүргендердің саны көп емес. Азаматтарымыздың радикал дінге кетіп қалып жатқаны діни сауатсыздық факторы. Мәселен, діни сауаты жоқ адам жат ағым идеологынан уағыз тыңдаса оның дін жөніндегі іргетасы сол ағымның идеология негізінде қалыптасады. Өзінің діни негізін солай қалап алған және соған қарай бүкіл өмірлік ұстанымын орнықтырған азаматқа дәстүрлі бағыттағы отандастарымыз келіп, "сенікі жалған, нігізі адасып жүрсің, дұрыс бағыт біздікі" десе, әрине оған ауыр тиеді. Өйткені оның дін жөніндегі негізі теріс ағымның идеологиясымен орныққан. Сондықтан біз көбінде ортақ тақырыптарда сөйлесуге тырысамыз. Оларға барып "сендердің мыналарың қате, адасып жүрсіңдер, елде бүлік жасап жүрсіңдер" деп негативпен бастайтын болсақ, олар екінші мәрте бізбен сөйлеспей қояды. Ортақ тақырыптар бізде өте көп, солардан бастаған жөн. Яғни негізіміз бір екенін көрсету арқылы бөлініп жатқан жеріміз болмашы нәрсе екенін айтамыз. Егер соған көзі жетсе, оның дәстүрлі діни жолға өтуі жеңіл болады. Бізде "жат ағымға кірген адам қайтып шықпайды" деп айтылып жатады ғой, әрине діни білімі жоқ, тек сол жерде ғана сусындаған азаматтарды бері қайтару қиын. Ал екі тарапты да көргендерге түсіндіру жеңілдеу болады.

- Азаматтарымыздың радикалды топтардың жетегінде кетпеуі үшін мешіттер қандай шаралар қолдануы қажет?

- Мешіттер ең алдымен келетін жамағаттың сауатын арттыру керек. Ол үшін жергілікті имам, ұстаздардың барлығы білікті, білімді азаматтар болуы қажет. Сол кезде ғана мешітке келіп жүрген жамағат өздерінің имамдарын, ұстаздарын тыңдай бастайды. Көптеген факторда азаматтардың жат идеологияға кетіп қалу себебі жергілікті мешіт имамының біліміне көңілі толмауынан болып жатты. Яғни имамның оқыған құраны қате, сұрақтарға жауап бере алмай жатқанынан. Бәрі бірдей деп айтуға келмейді, дегенмен осындай деректер де кездесті. Алайда қазір дін кадрларын даярлауда ҚМДБ белсенді жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде әрбір мешітте жоғары оқу орнын бітірген білікті, білімді, жат ағымның жетегінде жүрген азаматтарға уағыздарын өткізе алатын мамандар бар. Сол азаматтар өз жамағаттарының діни сауатын арттырса, негізі жұмыс атқарылған болып саналады.

- Азаматтардың діни білімін арттыруды мүмкін мектептен бастау керек шығар? Оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын өткізіп тұрасыздар ма?

- Қазір барлық мектеп бағдарламасына, яғни 9-сыныпқа дінтану сабағы енгізілді. Ол жерде бір дінге ғана басымдық бермей, жалпы әлемдегі барлық діндер оқытылады. Егер білікті мұғалімдер сабақ беретін болса, ол жастардың жат діни ағым идеологиясына ермеуіне тосқауыл бола алады. Сонымен қатар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде мектепте білім алып жатқан оқушылар да бар. Жоғары және төмен сынып оқушыларына бөлек-бөлек түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни олардың өз түсінетін тілінде, деңгейіне қажетті ғана ақпарат беріледі. Мұның бәрі жастардың жат ағымның жетегіне кетіп қалмауының алдын алу үшін жасалып отырған істердің бірі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалпы дәстүрлі діни емес ағымдармен күрес жұмыстары үш бағытта атқарылып келе жатқанын айтқан едім. Біріншісі – ақпараттық түсіндіру жұмысы. Ол жерде жергілікті теологтар, психолог мамандар түрлі форматта түсіндіру жұмысын жүргізеді. Яғни бейнефильмдер көрсету арқылы, мысалдар беру арқылы, слайд файлдармен жат діни ағым жетегінде кеткен азаматар туралы өмірде болған мысалдарды көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай жұмыстар, әсіресе, осы университет пен мектепте жүргізіледі. Тіпті, жоғары оқу орындарымен келісімшартқа отырдық, соның аясында студенттердің барлығымен, яғни әрбір аудиторияда жекелей теологтармен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ал қалған екі бағыт туралы жоғарыда талқап өттік.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы