ҮААЖ: Алматының көлік жүктемесін азайтатын бірегей жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Үлкен Алматы айналма жолы» автомобиль жолы (ҮААЖ) - Қазақстан тарихындағы ең ірі мемлекеттік-жеке меншік сектордың қатысуымен басталған инфрақұрылымдық жоба. Бүгінде жоба бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаның қуаттылығы мен ұжымның жұмысы туралы тілшінің материалынан оқи аласыздар.
«ҮААЖ операциялар мен инвестициялар» ЖШС директоры Айман Жанұзақованың айтуынша, жоба аясында 66 шақырым жолдың құрылысы жоспарланған.
Бұл толығымен жаңадан салынған жол болады. Біздің компания 2018 жылы ИИДМ мен 4 компанияның концессиялық келісімшарты аясында құрылды. Оның құрамына 2 корей және 2 түрік компаниясы кіреді. Олар: Алсим Аларко (Түркия), Макйол (Түркия), ЭсКей Инжиниринг и Констракшн (Корея), ЭсКей Экоплант (Корея). ҮААЖ жобасын салу бойынша келісімшартқа 2018 жылы қол қойылды. Алайда концессияның келісімшарт талаптары бойынша біз алдымен құрылысқа қаражатты жинауымыз керек еді. Біз ол мерзімді күтпей, өзіміздің жеке қаражатымызға 2019 жылы құрылысты бастап кеттік. Бүгінгі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр, - деді Айман Жанұзақова.
Оның айтуынша, 66 шақырымның 13 шақырымы 4 жолақты болса, қалғаны 6 жолақты болады.
Яғни, бұл I санаттағы автомагистраль болады. Оның есептік жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Жол ақылы болмақ. Жоба аясында 38 көпір салынады. 7 жолайрық пен 114 жасанды құрылым бар. Аталған жолға тек арнайы жолайрықтар арқылы ғана өтуге болады. Келісімшарт бойынша біз құрылысты басталғаннан кейін 50 ай ішінде аяқтауымыз керек. Қаржыландыру 2020 жылдың тамызында аяқталды. Яғни, біз құрылысты 2024 жылдың қазанында тапсыруымыз керек. Алайда біздің жоспарымыз бойынша негізгі жұмыстарды 2022 жылы аяқтау көзделіп отыр. Құрылыс аяқталған соң келісімшарт талабы бойынша 16 жыл бойы жолды қамтамасыз етуіміз керек, - деді Жанұзақова.
Оның айтуынша, құрылыс жеке және қарыз инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Қаржыландырудың 80 пайызы синдикат банктердің қарыздары есебінен жүзеге асырылды. Оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі мен Еуразиялық даму банкі бар. 20 пайызы инвесторлардың жеке қаражатымен жабылды. Жобаның жалпы құны - 743 млн доллар. Бұл жобалаудан бастап 16 жылдық қамтамасыз етуге дейінгі жұмысты қамтиды, - деді ол.
Айман Жанұзақова айналма жол Қарасай, Іле және Талғар аудандарының аумағына дейін созылатынын айтты.
Айналма жол қаладағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған. Бұл жол қала маңындағы жергілікті жерлердің де көлік жүктемесін төмендетеді. Қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға да әсер етеді. Жол салу барысында, өкінішке қарай, жасыл желекті кесу жүзеге асырылады. Жоба бойынша 16 мың ағашты кесу жоспарланған. Сондай-ақ келісім аясында біз бір кесілген түп үшін 5 көшет отырғызуға мәжбүрміз. Жолдың ақысы қанша болатынын Ұлттық оператор салынып біткен соң шешеді, - деді Айман Жанұзақова.
Өз кезегінде «Алсим Аларко» тарапынан жоба жетекшісі Гюнай Гокалп айтқандай, күніне төрт мың тонна асфальт төсеу қарастырылып отыр.
Бұл қарқын өте жақсы деп ойлаймыз. Жақын арада тәулігіне 6 мың тонна асфальт төсеуге көшеміз. Су құбырлары 80 пайызға, көпірдің жасанды құрылымы 37 пайызға, су құбырының темір-бетон бірлігі 2700 бірлікті құрайды. Қазіргі таңда консорциум құрамында 1625 қызметкер мен 590 техника бірлігі жұмыс істеп жатыр, - деді Гюнай Гокалп.
«ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев атап өткендей, Алматы облысы бойынша 725 шақырым жолда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Құрты-Бурылбайтал» бағыты бойынша 81 шақырым салынды.
Барлық жасанды құрылымдарды жүзеге асыру әр кезеңде тұр. Кейбіреуі аяқталуға жақын болса, кейбір нысандар енді басталып жатыр. Ең қиыны жер жұмыстарынан шығып, қазықтарды орнату болып есептеледі. Барлық көпір қазір осы кезеңде тұр. Құбырлар бойынша да жұмыстың көп бөлігі аяқталды. Ал жолдың құрылысы мен асфальт төсеу бұларға қарағанда әлдеқайда жеңіл жүреді. Сондықтан көп уақыт пен күшті алатын - ол көпірлер мен құбырларды салу, - деді Айтбаев.
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» АҚ «Орталық-Оңтүстік» дәлізі аясында салынып жатқан жол учаскелелеріндегі жұмыстың жүру барысын көрсету мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды. Осыған дейін Алматы облысында дәліз құрамына енетін «Алтын орда» базары мен Шамалған стансасы маңайындағы айналма көпірлердің салынып жатқаны туралы жазған едік.