17 Ақпан 2026, 09:20
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
ТЖМ астаналықтарға маңызды ескерту жасады
Құтқарушылар еңісті шатыры бар ғимараттардан алшақ жүруге шақырады.
ТЖМ Астана тұрғындарына мұз сүңгілері түсетін маусым басталғанын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құтқарушылар еңісті шатыры бар ғимараттардан алшақ жүруге, олардың маңына көлік қалдырмауға және қауіпті аумақтар қоршалған жерлерге кірмеуге шақырады.
ТЖМ мәліметінше, балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек, сондай-ақ көшеде құлаққаппен жүрмеген жөн, өйткені жоғарыдан болуы мүмкін қауіпті дыбысты есту маңызды.
Егер тротуармен келе жатқанда күмәнді дыбыс естілсе, тоқтап қалуға немесе жоғары қарауға болмайды. Сондай-ақ ғимараттан қашып кетуге де кеңес берілмейді. Ең дұрысы, мүмкіндігінше тезірек қабырғаға жақындау, себебі шатырдың күнқағары пана бола алады, - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін еліміздің төрт қаласында, әсіресе Өскеменде ауа сапасы нашарлайтыны туралы ескерту жасалды.