Тылсым. Киелі жерлер адамзатқа қалай әсер етеді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысына жасаған сапар аясында Аппақ Ишан мешіт медресесі, Домалақ ана кесенесі мен Ақмешіт үңгіріне бардық. Бұл нысандардың ерекшеліктері өз алдына бір төбе, аңыз-әфсанаға бай.
Шаян өңірін мекендеген ысты, сіргелі, ошақты сынды қазақ рулары келісе отырып, мешіт-медресе салуға ұйғарым жасайды. Бұл ұйғарым мақұлданып, Шаян өңіріне Түркістан шаһарынан мұсылман дінінің көрнекті өкілдері ағайынды Құлатай мен Қосым ишан жанұяларымен көшіп келеді.
Мешіт-медресеге алғашында 40 құжыра салу жоспарланады, қаржының жетіспеуінен ол 29-ға қысқарады. Медресе күмбездері еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштармен өріліп шыққан мешіт және айван бөлігі аркалар арқылы бөлініп, 35 күмбез орнатылған.
Бұл күмбездер мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Күмбездерді қай жағынан қараса да бірінен-бірі биік, сатылана орналасқан.
Мешіт үстіндегі бас күмбез алыстан көз тартып сән береді. Оның биіктігі - 11,5 метр.
Медресе 50х50 метр төрт бұрышты етіп соғылған. Құрылыстың фасадына сылақ жүргізілмеген, сондықтан да күйдірілген қыштардың өрнектеле өрілуі бұл ескерткішке архитектуралық сән беріп тұр.
Мешіт-медресе кешенінің оңтүстік және солтүстік жақтарының ішінен төбеге шығатын екі баспалдақ шығарылған. Құжырлардың бәрі дерлік «П» әріпі іспетті етіп орналастырылған. Бір құжыраның көлденеңі – 3,5 метр, ұзындығы – 6 метр, жалпы аумағы – 18 шаршы метр.
Мешіт-медресе өз заманында ірі оқу орны болған Аппақ ишан мешіт-медресесі «Қазақстанның қасиетті жерлері географиясы» жобасы бойынша жалпыұлттық маңызы бар және өңірлік маңызы бар нысандардың біртұтас тізіміне енген.
Қазіргі таңда мешіт-медресе ғимаратында Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі орналасқан.
Кейінгі барған нысан – «Домалақ ана». Шын есімі Нұрила VII ғасырда өмір сүрген. Әкесі Үрмәт руының адамы, анасы Азық елінің қызы болған.
Шежіреде Нұриланың жалғыз ұлы Жарықшақтың Албан, Суат, Дулат ұлдарынан үлкен тайпалы рудан тарайды. Текті әулеттен шыққан Нұрила тарихта көріпкелдік, әулиелік қасиеттерімен танылған.
Түрікмен батыры атап кеткен «Дихнат-маме» атауы уақыт өте келе «Домалақ ана» болып дыбыстық өзгеріске ұшыраған. Ал бүгінгі ұрпақтардың ана рухына тағзым етуі жалғасуда.
Біздің топ та «Домалақ ананың» басына барып, құран оқытты.
Кесене әйел адамға арналғанын жобалауға болады, себебі үйлесімге толы, энергетикасы жайлы болып көрінді.
Бұл сапарда киелі жерлерден бұрын тағы бір есте қалатын оқиға болды. Журналистер мен блогерлер мінген автобус Ақмешіт үңгіріне барар жолда қарға батып қалды.
Қайта айналып, артқа жүретін жол мен мүмкіндік болмағандықтан, тек алға жүру шешімі бар еді. Жол қардан дұрыс тазаланбағандықтан, автобус қар құрсауынан шыға алмады.
Біздің алдымызда тағы екі жеңіл көлік батып тұрды. Автобустағы әріптестеріміз оларды қазып, шығып кетуіне көмектесті. Біз көмек шақырттық. Алайда уақытты үнемдеу үшін қыз-жігіттер қосылып, «екі қолға бір күрек» деп, қар басқан жолды бір адамдай тазалады.
Дегенмен, автобус шыға алмады. Сол аймақта жүрген «Оңтүстік жолдары» МКК екі адамы да бізге жәрдемдесті. Шақыртылған көмек 5 сағаттан кейін жетті.
Келген автогрейдер 3-ші мүмкіндіктен кейін автобусты сүйретіп алып шықты. Одан кейін төтенше жағдай қызметкерлері де жетті.
Жолсапар аясында осындай есте қаларлық оқиға болды. Бұл сапардың әсерін күшейте түскені анық.
5 сағатқа жуық арпалыстан кейін біз діттеген жерге бәрібір жеттік.
Ол -Ақмешіт үңгірі. Ақмешіт үңгірі энеолит дәуірінде пайда болған ақтастардан тұрады.
Үңгірдің қай мезгілде, қалай пайда болғаны белгісіз. Үңгірдің ішкі көлемі 1 гектардан аса аумақты алып жатыр. Ішінде тұт, қарағаштар өсіп тұр. Ішкі құрылысы киіз үй формасына ұқсас.
Үңгір ауызы батыс бөлігінде орналасқан тұмарша ойық. Келген адамдар бұл үңгірдің сиқырлы екеніне сенеді. Себебі ішіндегі адамның ішкі күйі керемет әсер алады.
Ақмешіт үңгірі Орта Азиядағы ең үлкен үңгірлер қатарына жатады.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ мен Fly Arystan әуекомпаниясының Түркістан облысына ұйымдастырған 5 күндік сапары аясында жол түскен Сауран қалашығы туралы мына жерден оқи аласыздар.