Түйе сүті, құрылыс материалдары: Қазақстан экспортқа қандай өнімдерді дайындап жатыр?
Қазақстандық өнімдерді шетелге шығаруға көмектесетін 22 стандарт әзірленуде.
Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау және өнімді сыртқы нарықтарға шығаруды жеңілдету үшін 22 стандарт әзірленіп жатыр. Олардың қатарында пастерленген түйе сүтіне, құрылыс материалдарына және терезе бұйымдарына арналған стандарттар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және метрология» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Александр Раззаренов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, отандық өнімдерді халықаралық нарықтарға шығаруда стандарттау құралдары маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта экспорттық әлеуеті жоғары тауарларға қойылатын талаптары күшейтілген ұлттық стандарттар әзірленеді. Сонымен қатар Қазақстан әлеуетті экспорттық нарықтардағы елдердің стандарттарын бейімдеп, ұлттық стандарт ретінде енгізіп жатыр.
Бұл тәсіл отандық өнімге өндірістің бастапқы кезеңінен-ақ сол елдердің талаптарын қолдануға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде сыртқы нарықтарға шығу кезіндегі сауда кедергілерін азайту көзделген.
Жалпы, ұлттық стандарттау жоспарының негізгі бағыттарының бірі – отандық тауар өндірушілерді дамыту және қолдау. Биыл осы жоспар аясында отандық тауар өндірушілерді дамытуға бағытталған 22 стандарт әзірлеп жатырмыз, – деді Александр Раззаренов.
Ол стандарттау экспортты ілгерілетуге арналған құралдардың бірі ғана екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс техникалық реттеуді, халықаралық келіссөздерді, сондай-ақ сертификаттау мен аккредиттеу нәтижелерін өзара тану туралы келісімдер жасауды да қамтиды.
Қытайға экспорттаудағы тәжірибе
Биыл әзірленіп жатқан стандарттардың қатарында пастерленген түйе сүтіне, әртүрлі құрылыс материалдарына және терезе бұйымдарына арналған талаптар бар.
Саумалға арналған стандартты әзірлеу де Қытайға экспортты ілгерілету мақсатында жүргізілген. Кейін Қытай тарапы қазақстандық стандарттың негізінде өзінің ұлттық стандартын әзірледі. Бұл өнімді Қытайға жеткізу туралы келісім жасауға мүмкіндік берген.
Александр Раззаренов мұны стандарттау арқылы экспорттық кедергілерді азайтудың маңызды мысалдарының бірі ретінде атап өтті.
Халықаралық стандарттар да бейімделеді
Отандық тауар өндірушілер өндірісте қолдану және өнімді басқа нарықтарға жеткізу кезіндегі кедергілерді жою үшін ASTM, API және басқа да халықаралық стандарттарды бейімдеуге өтініш білдіріп жатады.
Комитеттің жұмысы ұлттық стандарттарды әзірлеумен ғана шектелмейді. Халықаралық стандарттар мен әлеуетті экспорттық нарықтардағы елдердің талаптары да бейімделіп, ұлттық стандарттау жүйесіне енгізіледі.
Бұл шаралар отандық өнімнің сапасын арттыруға және оны шетел нарықтарына шығаруды жеңілдетуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған жаңа стандарт әзірленгені хабарланды.