Тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр

Елімізде базарда, сауда үйінде, қызмет көрсету саласында клиент құқығы жиі бұзылатыны белгілі. Тұ­тыну­шылардың көрсетілген қыз­метке көңілі толмайтын тұстары да болып жатады. Бұл жағдай не істеп, қайда шағымданы керек. Елде тұтынушылардың құқы қалай қорғалып жүр, осы ретте Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сауал жолдаған болатынбыз. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің сұрақтарына Алматы қаласы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимырзаев жауап берді.

-Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері қанша адамның құқығы қорғалды? Жалпы тұтынушылардың құқы қалай қорғалып жүр?

-Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, ағымдағы жылдың 09 маусымына дейін заңды және жеке тұлғалардан 933 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 520 өтінішке Департамент жауап беріп, 164 басқа мемлекеттік органға өз құзыретінде қарау үшін қайта жолдады.

-Адамдар көбіне қай салаға арызданады? (Туризм, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызмет сектор­лары, қызмет көрсету, дүкендер желісі)

-Келіп түскен өтініштердің 80 % көбіне бөлшек сауда бойынша. Департамент тарапынан тұтынушыларға заңды түсініктеме беру арқасында, 85 000 000 теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Сонымен қатар, 17 көшпелі тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде, 40 әкімшілік іс қозғалып тұтынушылардың мүддесі қорғалды.

-Кәсіпкер заң бойынша тұтынушы бола ала ма?

-Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы тұтынушы болып табылады. Яғни айтқанда, Қазақстан Республикасының Президентінен бастап дүниеге келген жас сәбиге дейін тұтынушы болып табылады.

Егерде кәсіпкер, тауарды өзіне пайдануға алса тұтынушы болып табылады. Ал, сатып алу және өткізу барысында пайда көру үшін алған болса тұтынушы болып табылмайды.

Тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе соларды сатып алу ниеті бар не тапсырыс беретін, сатып алатын және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға;

-Тұтынылған тауарды ( сапасына сай келмей жатса киілген киімді (Халықаралық тәжірибеде бар), тістеп қойылған тағам) чек сақталса/ сақталмаса қайтарып беруге бола ма?

-Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.

Сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.

Тиісті емес сападағы тауар соған ұқсас жаңа тауарға, яғни бұрын пайдаланылмаған тауарға ауыстырылуға тиіс.

Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру осындай талап қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуге тиіс.

Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер тауарды тексеру (оның сараптамасы) нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру (сараптама) жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті.

Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы.

Тауар (жиынтықтаушы бұйым) ауыстырылған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі оны тұтынушыға берген күннен бастап қайтадан есептеледі.

-E-tutynushy онлайн қосымшасының нәтижесі қандай? Қосымша арқылы сіздің өңірге өтініштер келіп түсу үлесі қандай?

-E-tutynushy онлайн қосымшасына әрбір кәсіпкер ерікті түрде тіркеледі. Сондықтан, тұтынушының E-tutynushy электронды қосымшасына жіберген шағымы барлығына бармауы мүмкін.

-Кәсіп­кер тұтынушының шағымына неше күнде жауап беруге тиіс?

-«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңның 42-4 бабына сәйкес, құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы.

Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы бойынша, егер мұндай мекенжайды сатушы (дайындаушы, орындаушы) бұрын көрсеткен болса, жіберіледі.

Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.

-Алматы қаласы бойынша тұтынушы құқығын қорғайтын қанша қоғамдық бірлестік жұ­мыс істейді?

-Алматы қаласы бойынша мүддесі бұзылағн тұтынушы құқығын қорғайтын 4 қоғамдық бірлестік жұ­мыс істейді.

Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне келіп түскен тұтынушылардың шағымы бойыншада тұтынушылардың құқығы қорғалады.

-Адам өз құқын қалай қорғау керек?

-Әр тұтынушы өз құқын «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына және Қазақстан Республикасының басқада нормативтик құқықтық құжаттарына сәйкес өз мүддесін қорғай алады. Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттік мекелелер өз құзыреті шегінде тұтынушылардың құқын қорғайды.

-Уақыт тауып, агенттіктің сауалдарына жауап бергеніңізге алғыс айтамыз.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы