Түркиядағы жер сілкінісінен кейін тағы қанша қазақстандық жоғалды?
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Түркиядағы зілзаладан соң аман-есен табылған отандасымыздың жағдайы қалыпты.
8 ақпанда Хатай провинциясының Антакья қаласында іздеу жұмыстарының нәтижесінде Түркияның құтқарушыларымен Қазақстан азаматы Сабина Мамадьярова қираған үйден табылып, шұғыл түрде Адана қаласындағы «Ceyhan» ауруханасына жеткізілді. Өздеріңіз білетіндей, оның зақымдалған қолына операция жасалды. Біздің Анталиядағы Бас консулымыз оған жеке барып қайтып, дәрігерімен сөйлесті. Қазір ол әлі дәрігерлердің бақылауында, жанында туыстары бар, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Сонымен қатар қаза тапқан отандастарымыздың туыстарына мәйіттерді отанға жеткізуге көмек көрсетілді деп отыр.
Бүгінгі таңда Түркияда жер сілкінісі салдарынан жоғалған ҚР азаматтары туралы қосымша ақпарат келіп түскен жоқ. Дегенмен, дипломаттарымыз жергілікті билікпен байланыста және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімдерін мұқият тексеріп келеді, - деді Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркиядағы зілзалада апат аймағынан 200-ге жуық отандасымыз қауіпсіз жерге көшірілгені туралы жазған болатынбыз.