Түркістанда стоматология тұтынушыға 1 миллион теңгесін қайтарып берді
Тіс емдеу қызметіне 1 000 000 теңге төлеген. Алайда көрсетілген қызметтің сапасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген.
Түркістан облысында сапасыз стоматологиялық қызмет үшін 1 миллион теңге қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында сапасыз стоматологиялық қызмет көрсетілуіне байланысты тұтынушының құқықтары қалпына келтірілді.
Азамат А. тіс емдеу қызметіне 1 000 000 теңге төлеген. Алайда көрсетілген қызметтің сапасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген.
Тұтынушы Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін мамандар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Өтініш қаралып, тұтынушыға құқықтық түсіндіру берілді және стоматологиялық клиника өкілдерімен келіссөздер ұйымдастырылды. Кәсіпкерге қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушының талаптары ерікті түрде қанағаттандырылып, клиника 1 000 000 теңгені толық көлемде қайтарды, - деп хабарлады Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, аталған жағдайда Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының нормалары негізге алынған.
10-бап. Тауардың (қызметтің) сапасына қойылатын талаптар
Тұтынушы сапалы қызмет алуға құқылы. Қызмет сапасыз болған жағдайда ол кемшіліктерді тегін жоюды, бағаны төмендетуді немесе төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.
11-бап. Тұтынушы талаптарын қанағаттандыру
Сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда тұтынушы:
— қызметтің кемшіліктерін тегін жоюды;
— қызмет құнын тиісінше азайтуды;
— қызмет үшін төленген ақшаны толық қайтаруды талап етуге құқылы.
13-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәртібі
Тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайда ол уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Мемлекеттік органдар тұтынушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және келтірілген залалды өтеу бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Бұл жағдай тұтынушы өз құқықтарын заң аясында қорғаған кезде, төленген қаражатты қайтаруға толық мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда әйел тіс дәрігеріне барғаннан кейін ауруханаға түскен болатын.