12 Қазан 2026, 23:55 Фото: Скриншот

Түркістан облысында тікелей эфирде балағат сөз айтқан әйел айыппұл арқалады

Эфир кезінде әйел өзге азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін балағат сөздер айтып, қоғамдық әдеп нормаларын бұзған.

Түркістан облысында әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқан әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok платформасындағы «Ғашықтар» аккаунтында жарияланған тікелей эфирден құқық бұзушылық белгілерін анықтады.

Эфир кезінде әйел өзге азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін балағат сөздер айтып, қоғамдық әдеп нормаларын бұзған.

Тексеру нәтижесінде оның Ордабасы ауданының 32 жастағы тұрғыны екені анықталды. Әйел полиция бөліміне жеткізіліп, әрекетіне құқықтық баға берілді.

Сот шешімімен оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Полиция әлеуметтік желіде назар аудару мақсатында әдепсіз әрекеттер жасауға, өзге азаматтарды қорлауға және балағаттауға жол берілмейтінін ескертеді.

Бұған дейін TikTok эфирінде балағат сөз айтқан талдықорғандық әйелдің жазаланғаны туралы жазғанбыз.