Түркістан облысында көпбалалы ана отбасылық жанжалдан кейін көз жұмды
Түркістан облысында отбасылық жанжалдан кейін 54 жастағы әйел қайтыс болды.
Ауыр жарақат алған әйел ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша, ауыр жарақат алған әйелді ең кіші ұлы бірінші байқаған. Анасының дауысын естіп, бөлмеден шыққан ол оны қанға боялған күйінде көрген.
Жас жігіт жедел жәрдем шақырған. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады – ол жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Ерлі-зайыптылар шамамен 25 жыл бірге тұрып, төрт бала тәрбиелегені хабарланды. Жанжалдың себебі әзірге белгісіз. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар оқиғадан кейін марқұмның күйеуі де өзіне жарақат салып, өзіне қол жұмсамақ болғанын айтады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Полиция не дейді?
Түркістан облысы Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті шаралар атқарылуда», – деп жауап берді ведомство редакцияның сауалына.
Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстанда екі адамның денесі табылды.
Полиция Күршім ауылында дене жарақаттарын алу салдарынан 31 жастағы әйел көз жұмғанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелді онымен бірге тұрған ер адам жарақаттап, өлтірген. Мас ер адам одан кейін өз-өзіне қол жұмсаған.
Тағы оқи отырыңыз:
14 жыл бұрынғы қылмыс ДНҚ сараптамасы арқылы ашылды
«Маньяк жүр» деген қауесет: Полиция Кентаудағы оқиғаның мән-жайын айтты