Түркістан: Балалар мектепке дайын ба?

Түркістанда бір баланы мектепке киіндіру орта есеппен алғанда шамамен 50-100 мың теңгенің аралығын құрайды, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Пандемиядан кейін күрт көтерілген қымбатшылық әлі де толастар емес. Баға күн санап өсіп барады. Алайда ата-аналар бағасы қымбат екен деп қол қусырып қарап отырмасы анық. Жаңа оқу жылы басталуға санаулы күндер қалғандықтан барша ата-ана мектепте оқитын ұл-қызына қажетті оқу-құрал жабдықтары мен киімдерін әперу үшін сауда орындарына сабылады.

Жалпы, күнгейде атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар саны 52660-ты құрайды. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін біраз ата-ана қазынадан бөлінген тиесілі 35275 теңгені алып үлгерді. 

Сонымен қатар Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мектеп оқушыларына қажетті форма мен оқу құралдарын алуға облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінгенін айтқан болатын. 

Түркістан бала туу саны жағынан алда келе жатқан облыстардың бірі болғандықтан, атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар көп. Соның бірі, түркістандық алты баланың анасы Мақпал Интимақова мектеп формасына қанша қаражат кеткені туралы айтып берді.

Төрт балам Түркістан қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте оқиды, бір қызым тілі сәл кемістеу болғандықтан арнайы тіл дамыту мектебінде оқиды. Ал ең кенже қызым балабақшаға барады. Әрине бес бірдей балам мектепте оқығандықтан бәріне бірдей киім-кешек, оқу құралдарын алып бере алмадым. Тек дәптер, қаламының өзіне 32 мың теңге кетті. Қымбат киімдер алып беруге шамам жоқ, сапасы орташа, бағасы үш мыңнан басталады. Қазір барлық нәрсе қымбаттап кетті. Бір дәптердің өзі – 38 теңге. Қанша қаражат кеткенін шыны керек есептеген жоқпын, қалған заттарын тағы да алып бере жатармыз, - дейді Мақпал. 

Айтуынша, мектеп формасына берілетін қаражат есепшотына әлі түспеген. Оның үстіне күйеуі де екінші топтың мүгедегі. Балаларына берілетін АӘК пен жолдасының  мүгедектігіне байланысты алатын ақшасын күтіп отырған жайы бар. Ақша түскен жағдайда мектепке қажетті қалған заттарын түгендемек. 

Ал Келес ауданы, Абай ауылының тұрғыны Салтанат ханым төрт баланың анасы. Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен елу мыңдай ақша алады. Үш бірдей баласы №2 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы жалпы орта мектепке оқуға барады. Үш оқушыны киіндіру бұл отбасының бюджетіне шамамен 100 мыңнан аса теңгеге шыққан. Бұл отбасы мектеп формасына берілетін қаржыны алмайды, себебі жағдайы бар жанұя санатына жатады. 

Үлкен қызым 12 жаста, 6 сыныпта оқиды, ұлым 10 жаста, 4 сыныпқа өтеді. Ал 7 жастағы қызым биыл бірінші сыныпқа барады. 5 жастағы қызым балабақшада. Биыл балаларымды толық емес жартылай киіндіріп қойдым. Мектебіміз яғни Түркістан облысы қою көк түстегі киімдер киюге рұқсат бергендіктен көк түсті белдемше, шалбар, ақ кофта мен ақ жейделер алдым. Былтыр киген көйлек, кофталары, шалбарлары әлі де сыяды екен. Мен тек қыркүйекте балаларым жаңа киім киіп барсын деген оймен алдым. Балаларға тым қымбат алмаймын, арзанын алсаң тез жыртылып қалады. Сондықтан, ең бірінші киімнің сапасына мән беремін, - дейді Салтанат. 

Салтанаттың сөзінше, базардағы барлық тауарлар, дәптерлердің бағасы 20-30 пайызға қымбаттаған. 

Балаларға тым арзан және тым қымбат киім алмаймын, орташа бағада аламын. Мысалы ұлыма  шалбарын 10 мыңға, көйлегін 8 мыңға, қызыма ақ кофтасын 10 мыңға, белдемшесін 11 мыңға, кіші қыздың кофтасын 5 мыңға, сарафанын 8 мыңға алдық. Ал ал аяқ киімдері кішкене қымбаттау, 10 мыңның үстінде. Бірсыпыра кеңсе тауарларын да алдық. Оқу жылы басталған соң әр пәнге қажетті қаптағыштарды сұрап жатса, оны да қосымша толықтырып, алып береміз, - дейді ол. 

Өз кезегінде, келестік ата-ана ұсыныс ретінде тек көпбалалы отбасының балаларын ғана емес, барлық бастауыш сынып оқушыларын мектеп асханасында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етсе деген тілегін де жеткізіп қалды. 

Биыл әр отбасында екі-үш баланың өзін мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету қалтаға қатты салмақ салып тұрғаны рас. Ал бір отбасыдан мектепке баратын төрт-бес баласы бар ата-аналардың жағдайы тіпті қиын. Осы ретте мемлекеттен беріліп жатқан арнайы қаражат, аз да болсын көмек болып тұр.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы